Шиелілік учаскелік полиция инспекторының қырағылығының нәтижесінде 3 күн бұрын мал іздеуге шығып, үйіне қайта оралмаған ауыл тұрғыны дін аман табылып, отбасына қосылды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында орын алған. 1996 жылы туылған Шиелі ауданы, Бірлестік аулының тұрғыны Болат есімді азамат көрші тұратын 2 досымен алдын ала келісіп, мотоциклмен ауыл сыртына мал іздеуге шығады. Ауылдан 35-40 шақырым ұзай бергенде, мотоциклдері бұзылып, сол жерде от жағып, түнеуге мәжбүр болады. Ертесіне 8 желтоқсанда, сағат 08.00 шамасында ауылға жаяу бет алған үшеуі ауа-райының қолайсыздығынан бір-бірінен көз жазып, Болат қасындағы достарынан адасып қалады да, қалған 2 бала үйлеріне аман оралады. Сол күннен бастап бүкіл ауыл болып бірігіп, жоғалған баланы 1 күн бойы іздейді. Алайда, нәтиже шықпағаннан кейін Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне хабар беріліп, жедел іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 10 желтоқсан күні Бірлестік ауылының солтүстік-шығыс беткейінен 50 шақырым қашықтықта әбден ашығып, әлсіреген Болат табылып, үйіне жеткізіледі.
Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің Сұлутөбе ауылдық округіне бекітілген учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Дархан Мажиханов пен жедел уәкіл полиция аға лейтенанты Мүсілімұлы Манастың шұғыл ұйымдастырған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде табылған азаматтың жағдайы «жақсы» деп бағалануда, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.