Қызылордалық кәсіпкердің 200 млн.теңгесі «өз қалтасында» қалды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ағымдағы жылғы 10 ақпанда «Дана-СК» ЖШС-і Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында құқығын қорғап, мүддесін білдіру жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына өтініш білдірген болатын.
2015 жылғы 10 ақпанда Шиелі аудандық соты «БТА Банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалының «Дана-СК» ЖШС-нің банкке мүліктік кепіл ретінде қойылған нарықтық бағасы 200 млн.теңге тұратын өндірістік базасын борыш есебінен өндіріп алу жөніндегі талап арызын қанағаттандырмай қойған болатын. Алайда, соттың шешіміне келіспеген «БТА Банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына апелляциялық шағым түсіреді.
Осы ретте, кәсіпкердің өтінішіне сәйкес Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының эксперттері банктің апелляциялық шағымына қарсылық білдіріп 18 наурызда сотқа қатысты. Нәтижесінде сот шешімі кәсіпкердің пайдасына шешіліп, «БТА Банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалының өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды. Мәселесі оң шешілген «Дана-СК» ЖШС-нің директоры Серікбай Қалмырзаев: «Палата қызметкерлерінің біліктілігінің арқасында сотта жеңіп шықтым. Ендігі жерде проблема болған жағдайда қайда бару керек екенін нақты білемін», - деп қуанышымен бөлісті.
Айта кету керек, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 178 өтініш түсіп, оның 70 % оң шешімін тапты және тиісті түсіндірмелер берілді.