Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде Бен Ладен есімді оқушы тұрады. Есімі ерекше ұлан биыл 15 жасқа толады. Бұл жайында Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі мәлім етті.
Оның есімі неге бұлай қойылды? Ол туралы Бен Ладеннің анасы Айткүл Сейілханова былайша түсіндірді. "2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы егіз мұнаралы ғимаратта террорлық әрекет жасалып, бұл құрылыс нысаны жермен-жексен қирады. Оған басты күдікті ретінде Усама Бен Ладеннің есімі аталды. Осы тұста менің аяғым ауыр еді. Көп ұзамай ұл босандым. Жолдасым Бауыржан Айтбаев лаңкес саналған Усама Бен Ладеннің жазықсыз кінә тағылған деген пікірде болды. Баласына Бен Ладен деген есім бергісі келетінін айтты. Алғашқыда қарсы болған едім. Одан кейін отағасының ұсынысына қарсылық көрсеткен жоқпын" дейді ол.
Бүгінде Бен Ладен ауылдағы №143 мектептің 8 сынып оқушысы. Оқу үлгерімі жақсы. Спортқа да қызығады.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында есімі мен тегі Саддам Хусейн болып келетін өрен бар.