Үстіміздегі жылдың 5-10 қараша аралығында Қызылорда қаласында тоғызқұмалақтан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 15 команда қатысады. Жарыс ережесіне сәйкес ойын швейцар жүйесі бойынша 9 турдан, тоғызқұмалақтың классика және блиц түрінен өткізіледі. Әр ойыншыға классикалық ойында - 1,5 сағаттан, ал блицке - 7 минуттан уақыт беріледі.
Аталмыш чемпионатқа тоғызқұмалақтан Азия чемпиондары Нұрбек Құрманов, Гүлнәр Базарәлиева (екеуі де Астана қ.), ҚР спорт шебері Гүлнұр Оспанова (Қостанай обл.), ҚР спорт шебері Әсет Қайыржанов (БҚО), ҚР спорт шебері Бексұлтан Бостандықов, Жамал Ермекбай (екеуі де Қызылорда обл.) және Азия чемпионатының жүлдегерлері Қызжібек Әділда (Қызылорда обл.) және Бауыржан Абылайхандар (Павлодар обл.) сынға түседі. Чемпионаттың басталуы 5 қараша күні сағат 9.00-де, салтанатты ашылуы 15.00-де «Мұз айдыны» спорт кешенінде.