Бүгінгі күні кәсіпкерлік дамыту аясында облысымызда тауар өндіруші және қызмет көрсетуші кәсіпорындар мен сауда орталықтары, сондай-ақ базарларда іс-шаралар жүргізілуде.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында айтылды. Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерқанат Кеулімжаевтың айтуынша биыл барлығы 23 іріктеу және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Оның 20-да заң бұзушылықтар анықталды.Басым көпшілігі метрологиялық қателіктер. Яғни, өлшеу құралдарының өлшем дәлдігіне сәйкессіздігі.
Департамент мамандарымен облыс кәсіпорындарында сапа менеджмент жүйесін енгізу, өнімдерді каталогтау, Кедендік одақ аясындағы техникалық реттеу келісімдері сынды жұмыстар жалғасын табуда. Қызылорда облысы бойынша 449 мекеме мен кәсіпорындар ИСО 9001 халықаралық стандарттар сапа менеджіментінің жүйесін сертификаттаған.