ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАҢА ПРОКУРОРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев облыс активінің отырысында жаңа облыс прокурорын таныстырды.
ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Дәуешов Халидулла Зиноллаұлы Қызылорда облысының прокуроры болып тағайындалды.
Халидулла Зиноллаұлы 1964 жылы Атырау облысында дүниеге келген. К.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Гурьев, яғни қазіргі Атырау қаласындағы Рембыттехника бас зауытының жұмысшысы болып бастаған. 1983-1985 жылдары әскери борышын Ауғанстандағы интернационалдық топ қатарында өтеген. Университетті бітіргеннен кейін 1991 жылы Атырау қаласы прокуратурсының стажерынан бастап, бірнеше облыстардың прокуратура органдарында басшылық лауазымда болған. 2012-2013 жылдары Жамбыл облысы, ал 2013 жылдан бастап осы кезге дейін Батыс-Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болды.
Ал бұрынғы облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов Батыс-Қазақстан облысының прокуроры болып тағайындалды.
Сапарбек Айтуұлы Сыр өңірінде облыс прокуроры болып 4 жылдан астам уақыт еңбек етті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сапарбек Айтуұлын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, Сыр өңіріне еткен еңбегі үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» тапсырды.
- Сапарбек Айтуұлының аймақтағы еңбегі еленіп, жуырда Елбасының жарлығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі арнайы шені берілді. Өңірімізде қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу мақсатында облыстық прокуратурамен бірлесіп Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасын бекіттік. Айта кету қажет, осындай құжат республика бойынша алғашқы болып Қызылорда облысында қабылданды және Президент Әкімшілігінің тарапынан жоғарғы бағаға ие болды. Сонымен бірге, облыс көлемінде дағдарыс жағдайлары, Әлеуметтік, ұлтаралық, діни тұрғыдағы жаппай тәртіп бұзушылық және қоғамға қарсы топтық шиеленістердің алғышарттары орын алған кездегі мемлекеттік органдардың іс-қимылы айқындалған бірнеше бағдаржолдар әзірленді. Бас Прокуратура және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген зерттеу қорытындыларына сәйкес 2014 және 2015 жылдары қатарынан Қызылорда облысы және Қызылорда қаласы еліміздің «Ең қауіпсіз аймағы» болып танылды. Осындай жоғары жетістіктерге жетудің негізгі факторлары ретінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс атқарудың нәтижесі деп білемін, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.