7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай Қармақшы аудандық «Жыраулар үйі» алаңында салтанатты шара өтті.
Аталмыш шараға мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, әскери қызметкерлер мен ауған соғысының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов, - Мерекелеріңізбен, қадірлі Отан қорғаушы ел азаматтары! Қайратты, намысты, мәрт, жомарт қазақтың нар жігіттері барда біздің заманымыз тыныш, ойымыз биік, арманымыз әрқашан асқақ. Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда ер азаматтардың атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Оларға қандай да құрмет, қошемет лайық – деп, Ветнам соғысының ардагері Иса Бисеновке, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Д.Айдарәлиевке, Отан қорғаудағы және қажырлы еңбектері үшін аталған шараға шақырылған бірқатар ауған соғысының ардагерлерінің кеудесіне армия генералы «Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы мерекелік медальдарын тақса, Қызылорда қаласында өткен Республикалық ІІ-ші «Айбын» әскери-патриоттық жиында аудан намысын қорғап үздік шыққан оқушыларды алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдаулетов Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған болашақ сарбаздарға батасын берді. Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.