Қызылордалық «Ернұр-Дин» жеке балабақшасы 2013 жылдан бері Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде жұмыс жасауда. Балабақшада кенттің 40-қа жуық баласы мектепке дейінгі тәрбиеден өтуде. Бұл ата-аналар үшін баласын бақшаға беріп, жұмыс жасауына мүмкіндік берсе, балабақша басшысы үшін кәсіптің түрі. Дегенмен, құрылғанына бірнеше жыл ғана болған жас кәсіпкерлік нысаны қиындыққа тап болып, көмек көрсетуді сұрап Кәсіпкерлер палатасына келген болатын.
Бұл жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарладуынша, кәсіпкер өз қызметі барысында мынадай қиындыққа тап болыпты. Балабақшаға 2015 жылы Қызылорда облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы республикалық «Балапан» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты тексеру жүргізеді.
Нәтижесінде Инспекция балабақша мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржының 2 165 500 теңгесін мақсатсыз пайдаланды деп анықтап, Сексеуіл кенті әкімдігіне аталмыш қаржыны бюджетке қайтару жөнінде ұсыныс береді. Өз кезегінде Сексеуіл кенті әкімдігі қаржыны бюджетке қайтаруды өндіру мақсатында Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінеді.
Сотта кәсіпкердің заңды мүддесін қорғаған Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгері Зухра Амирова мәселені мұқият зерттей келе, инспекция тарапынан бюджетке қайтарылуы тиіс деген қаржының 881 700 теңгесіне қатысты жайтты негізсіз деп тапты.
Себебі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 4 мамырдағы № 198 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсiптiк,
орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi
бiлiмi бар мамандарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу
орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру
тапсырысын орналастыру қағидаларының» 2-тармағындағы талабына сәйкес жан басына қаржыландырылған кезде мемлекеттік білім беру тапсырысына тапсырыс беруші мектепке дейінгі ұйымда баланың нақты болған уақытына және дәлелді себептермен жоқ болған балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған қызметтердің құны төленеді. Яғни, бұл жағдайда баланың ауруы, баланың медициналық, санаториялық-курорттық және өзге де ұйымдарда емделуі және сауықтырылуы, ата-аналарының біреуіне еңбек демалысының берілуі және баланың жаз уақытында 2 айға дейінгі мерзімде сауықтырылуы туралы дәлелді құжаттары болуы тиіс.
Алайда, тексеру барысында бұл талап тексерушілердің назарынан тыс қалып, жеке кәсіпкердің қолында тиісті құжаттар болса да, 2014 жыл көлемінде 40 тәрбиеленушінің орнына 31-37 бала қатысқан деп барлығы 881 мың 700 теңге артық жұмсалған деп көрсетілген.
Осы ретте, Палата сарапшысы Зухра Амированың келтірген негіздері сотта ескеріліп, нәтижесінде кәсіпкер 2 165 500 теңгенің орнына 1 283 800 мың теңге төлейтін болды.