Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қармақшы ауданының әкімі С. Мақашов сала қызметкерлерін қабылдады.
Қармақшы ауданының туын биік көтеріп, даңқын шығарып жүрген өнер майталмандарын қабылдаған аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы: - «Өнер - ұлттың жаны», - дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Демек, сіздер, өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш, зор мақтаныш сыйлайсыздар, халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, еліміздің әлеуметтік-рухани құндылықтарын әлемге паш етесіздер. Сіздерді, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, аудан халқын шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіздер, – деп бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлеріне алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар мерекелік шара барысында сөз алған Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкеев өнер иелеріне батасын берсе, «Абай» атындағы орталық кітапхананың әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі Бибігүлсім Раева аудан әкіміне сала қызметкерлерінің атынан алғыс айтты.
Қармақшы ауданы бойынша халық шығармашылығын дамытып, ұлттық өнерімізді насихаттауда халыққа мәдени қызмет көрсететін 35 мәдениет ошағы бар. Олар: 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 1 жыраулар үйі, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 18 кітапхана, ал ауылдық жерлерде 11 клуб тұрғындарға мәдени қызмет көрсету жұмысымен айналысуда.