Арнайы балықшылар слетіне байланысты іс-сапармен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бекжанов Еркебұлан Маратұлы мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Орақбаев Ғалымжан Жәдігерұлы келді.
Мәжіліске аудандық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, аудан әкімінің орынбасарлары, сала басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен табиғат пайдаланушылар қатысты.
Мәжілісте балықшылар слетіне орай ұйымдастырылатын негізгі ресми шаралардың барысы, жыршы, айтыскер ақын, сазгер Б. Тәңірбергеновті ұлықтауға арналған облыстық жыршылар фестивалі мен кітаптың тұсаукесеріне дайындық және слет аясында өтетін ауданның өзге де мәдени шараларға әзірлігі, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын шаралар сынды бірқатар мәселелер талқыланады.
Әр аталған мәселе бойынша жауапты қызметкерлер ұсыныстарын, жасап жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.
Мәжіліс барысында аудан әкімі шілде айының 8-9 күндері Қамыстыбас елді мекенінде балықшылардың республикалық дәрежедегі ІІ слеті өтетінін хабарлады.
Слет аясында қосымша ғылыми танымдық конференция және жергілікті айтыскер ақын, жыршы, сазгер Бекұзақ Тәңірбергеновті ұлықтауға арналған облыстық жыршылар фестивалі өтетіні белгілі болды.
Атаулы мерекеге еліміздің 10 облысынан қонақтардың келуі жоспарлануда.
Бұдан бөлек, аталған мерекеге аймақ басшысымен бірге Үкімет басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы министріде қатысады.
Екінші рет ұйымдастырылғалы отырған балықшылардың слетіне барлығы 2000-ға жуық делегаттар қатысатын болады.
Мәжіліске жиналғандардың әрқайсысына жекелеген тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.