Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жаңадан қосылған «әкелікті анықтау және алимент өндіру» санаты бойынша жыл басынан бері 33 талап арыз түскен, оның барлығы өндіріске алынып, 23-і бойынша шешім қабылданып, 21 қанағаттандырылса, 2 –і қанағаттандырудан бас тартылған. Аяқталған 23 азаматтық істің 14-не сот молекулярлы-генетикалық сараптамасы тағайындалса, қалғандары жауапкерлердің талапты мойындауы бойынша аяқталған.
Соңғы бір аптаның ішінде сотпен осы санатта 8 азаматтық іс қаралған, оның 4-і аяқталған, аяқталғандардың барлығы да қанағаттандырылған. Сол істердің біріне тоқталып өтсек, талапкер сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда жауапкер Байменовпен 2002 жылы үйленгендерін, 2008 жылы мінездері жараспай ажырасып кеткенін жеткізеді. Сондай-ақ, бірге тұрған уақытта 2007 жылы дүниеге келген Жандос есімді ұлды болғанын, жауапкер бұрыңғы әйелінен заңды түрде ажыраспағанын айтады. Сол себепті түсініспеушілік салдарынан некелері заңдастырмастан 2007 жылдың шілде айында ажырасып кеткен. Яғни, жауапкер ішімдікке әуес екенін, жұмыс жасап, отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етпеген. Жауапкерден баласына қатысты АХАЖ бөліміне барып, баласының әкесі деп тануға өтініш тастауды сұрағанда, жауапкер ата-аналық жауапкершіліктен жалтарып, әкелікті танудан бас тартқан. Сондықтан жауапкерді 2007 жылы туылған Жандосқа қатысты әкелігін анықтауды және асырап-бағуға алимент өндіруді сұраған.
Жауапкер Байменов сотқа талапкердің талап арызымен келісетіндігін, талап арызды толық мойындайтындығын, 2007 жылы туылған Жандос есімді баласының әкесі екенін, алимент өндіру талабын мойындайтынын көрсетіп, сот отырысын өзінің қатысуынсыз қарауды сұрап арыз қалдырған.
ҚР АПК-нің 196 бабының 6 бөлігінде тараптар соттан істі олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешімнің көшірмелерін жіберу туралы жазбаша нысанда өтінуге құқылы. Сондықтан азаматтық іс жауапкер Байменовтың қатысуынсыз қаралған.
Азаматтық іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін қарап, сот талап қоюшы Карибаеваның әкелікті анықтауды және алимент өндіру туралы талап қою арызын толығымен қанағаттандырды.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.