ҚЫЗЫЛОРДАДА ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін облыс әкімі Қ. Көшербаевтың төрағалығымен облыстық терроризмге қарсы комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Комиссия отырысы Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік әрекеттің салдарынан қаза болған әскери қызметшілер мен азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды.
Кеңес отырысына құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет және басқарма басшылары қатысты. Комиссия мүшелері Ақтөбе қаласында орын алған террористік әрекеттерді облыс аумағында болдырмау, олардың алдын алу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Облыс әкімі Қ. Көшербаев асыл дініміздің атын жамылып, Қасиетті Рамазанның қарсаңында ел ішіне бүлік салып, жазықсыз жандардың өмірін қиған Ақтөбедегі қайғылы оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғандығын айтып, бұл оқиға баршамызға сабақ болуы тиіс деп түйді.
- Бейбіт күнде мылтық асынып, қару кезеніп, елдің берекесін қашырған тобырдың бұл әрекеті адамдыққа да, елдікке де жат. Тәуелсіздіктің қадірін білмейтін, бейбітшіліктің тұғырын шайқалтқысы келген лаңкестік топтың қолынан ондаған адам қайтыс болды және жарақаттанды. Талай шаңырақ қара жамылып, қайғы жұтып қалды. Ай мен күннің аманында азаматынан айрылу отбасына да, елге де әрине оңай емес. Ел тыныштығы мен тұтастығы үшін қаза тапқан боздақтардың ерлігі әрдайым ел есінде сақталады. Сондықтан Елбасы 9-маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқан азаматтардың ерлігін тұтас ел болып еске алып, құрмет көрсетуге шақырамын. Алаштың анасы - Сыр елі осындай қиын-қыстау сәтте Ақтөбе жұртшылығымен бірге екенін айтқым келеді. Мұндай қайғылы оқиға енді ешқашан қайталанбасын. Тәуелсіздігімізге қауіп төнбесін, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.