Қармақшы ауданының жұртшылығы Астана күнін ерекше көңіл-күймен, үлкен қуанышпен қарсы алды. Аспаны ән-күйге бөленген айтулы мерекеде аудан тұрғындарын аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Астана күні мерекесі – жас тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінің мерекесі, серпінді экономикалық дамуымыздың мерекесі. Тұтас елдің өмірін аз ғана уақыттың ішінде жаңа арнаға бұрып, үлкен өркениетке бастап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа астана туралы идеясы бүгінгі күні өзінің саяси да, экономикалық та, әлеуметтік те нәтижелі шешімін тауып, еліміздің әлем алдындағы мақтанышына айналып отыр, – деді ол.
Астана күнінің 18 жылдығына орай ауданның өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар сала үздіктерін алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар салтанатты кеште ауданда демографиялық үрдіске өз үлесін қосып, көп бала тәрбиелеп, аталы жолды жалғастырып жүрген алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» мемлекеттік наградаларын табыс етті. Шара мерекелік концертке ұласты.