БӨГЕНДІК ШАРУАЛАР КҮННЕН ҚУАТТАНАТЫН ҚҰРЫЛҒЫНЫ ПАЙДАЛАНАДЫ
Биыл Арал ауданына қарасты Бөген ауылдық округінде бірқатар істер атқарылуда.
Атап айтқанда, осы кезге дейін ауыл тұрғындарына қиындық туғызып келген жарық мәселесі өз кезегімен шешімін тауып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен 3 млн.850 мың теңге қаржы бөлінген еді. Қазіргі таңда аталған қаржыға Бөген және Қарашалаң елді мекендеріне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ел игілі үшін атқарылып жатқан бұл іске барша тұрғындар дән риза.
Сондай-ақ, асыл тұқымды бұқа сатып алып мал басын көбейту мақсатында жұмыс жасап жатқан Өтебалиев Өмірбайдың Бөген ауылдық округіне қарасты «Жалғас» шаруа қожалығы осы жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ауылшаруашылық қолдау қорынан 8 млн. теңге несие алып, бүгінде екі бұқа, алпыс сиыр сатып алып, өз кәсіптерін дамыту үстінде.
Аталмыш бұл қожалыққа биыл БҰҰ-ның Даму бағдарламасының қолдауымен құны 3 млн. тұратын күнмен және желмен электр энергиясын жинақтап, тұтынуға арналған қондырғы пайдалануға берілген болатын. Арнайы қондырғы ен далада электр энергиясына тапшылықты қанағаттандыру мақсатында іске қосылып, бүгінде шаруашылықтың жұмыстарына үлкен септігін тигізуде.