Ағымдағы жылдың 31 тамыз күні Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм ауылында жаңа 100 орынды №230 орта мектебінің ғимараты ашылды.
Еске сала кетейік, ізгілікке бастаған бұл ғимарат құрылысына облыстық бюджеттен 314,0 млн.теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары 2014 жылы мамыр айында басталған болатын.
Заманауи талапқа сай мектептің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев және Арал ауданының әкімі А.Мұхимов қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған И.Құттықожаев: «Баршаңызға тұғыры биік, болашағы зор осынау білім ошағы берекелі болсын! Бұл мезет баршаңыз үшін ерекше есте қалары сөзсіз. Ендеше, жаңадан бой көтерген білім ұясы Ел ертеңінің тізгінін ұстап, сапалы білім нәрімен сусындаған, көзі ашық, көкірегі ояу жас буын өкілдерін биікке ұшырсын дегім келеді», - деп, ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан басшысы А.Мұхимов мектеп табалдырығын аттаған оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымын қуанышпен құттықтап: «Өздеріңізге белгілі мектеп жанындағы интернат ғимараты да сын көтермей тұр. Осыған байланысты «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы интернаттың күрделі жөндеуіне 10 млн, 800 мың теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда», - деп атап өтті. Шара одан әрі ғиараттың лента қию рәсіміне жалғасып, мерекелік концертке ұласты.