Шұбат шығаратын «Аруана» цехында түйе сүтін қайта өңдеу технологиясы әңгімеленді.
«Агробіліктілік орталығы» ЖШС түйе шаруашылығы жөніндегі үшкүндік семинарында отандық және шетелдік сарапшылар теориялық-тәжірибелік сабақтар өткізді.
Шара барысында БҰҰ жанынан құрылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының түйе шаруашылығы жөніндегі халықаралық деңгейдегі сарапшысы Бернард Файе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының оқытушысы, phD докторы, профессор Гаухар Қонысбаева және Қазақ ұлттық аргарлық университетінің биотехнология және тағам қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі Әсия Серікбаева сынды мамандар дәріс оқыды.
Семинарда мамандар түйе шаруашылығымен және түйе сүтін қайта өңдеумен айналысатын фермерлер мен кәсіпорындарды түйе сүтін қайта өңдеу технологиясымен таныстырып, кеңестер берді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.
«Облыста өсімдік шаруашылығы бойынша 24 семинар, мал шаруашылығы бойынша 9 семинар өткізу жоспарланған. Статистика департаментінің мәліметі бойынша, облыста 40 мыңдай түйе бар екен. Семинарды осы бағыт бойынша қызығушылық танытушы тұлғаларға ақпарат беру, сондай-ақ жаңа ғылыми білімдерді жетілдіру, өндірісте жаңа технологияларды пайдалану мақсатында «Атамекен» ҰКП өткізуде. Сондай-ақ «Агробіліктілік орталығы» ЖШС жанынан құрылған www.fermers.kz сайты мен 88000808010 телефон нөмірі жұмыс істеп тұр. Онда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер барлық мазалап жүрген сұрақтарына жауап ала алады», – деді Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Алма Пірманова.