Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Тұрғындар апатты көп қабатты үйде өмір сүріп жатыр (ВИДЕО)

Тұрғындар апатты көп қабатты үйде өмір сүріп жатыр (ВИДЕО)
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындары апатты көп қабатты үйде өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды 31.kz. Бүгін-ертең құлағалы тұрған баспананы тастап кетейін десе баратын жерлері жоқ. Жергілікті билік басындағылар болса, бұл мәселені шешуге құлықсыз. Сондықтан, құдайға сенуден басқа амалымыз жоқ дейді.  Осы өңірдегі тілшіміз тақырыпты толықтырады. 
Ырсалды Махантаева үшінші топтағы мүгедек. Ана жүрегі тартып, асырап алған төрт баласының екеуі   туа бітті науқас. Мүмкіндігі шектеулі әйел өз отбасына қатты алаңдайды. Ұйықтап жатқанда қабырғамыз құлап кетсе, не болмақ деп қорқады.
ЫРСАЛДЫ МАХАНТАЕВА, тұрғын:
Енді әйтеуір құдайдың құдіретіне сеніп отырмыз. Қай жақтан келетінін білмейміз. Құдайдың осынысына көніп отырмыз.
Алғашында мұнда кен орнының жұмысшылары тұрған. Кәсіпорын жұмысын тоқтатқаннан кейін, біразы басқа жерге көшіп кетеді. Ал алпысқа жуық отбасы осында тұрақтап қалады. Бүгінде апатты үйдің жартысы бос, қаңырап тұр. Жауын-шашынды күндері тіпті қиын дейді жұрт. Тесік шатырдан су сорғалап, үй-ішін ластайды. Баспананы үй деп айту да қиын. Халық отын мен көмір жағып күн көреді.
ТӨРЕХАН БЕГІМБЕТ, тұрғын:
Үйден күл шығарамыз, көмір, су тасимыз, отын жағамыз. Екінің бірінде балдарымыз тұншығып өліп қала ма дейміз.
Мәселелерін айтып, шенеуніктерге жүгінген тұрғындардың табаны тозған. Қайсысына барса да, тек уәде беріп шығарып салатын көрінеді. Жуырда билік басындағылар оларға ауылдағы туберкулез санаторийіне көшіңдер деп ұсыныс жасапты. Бірақ жұртшылық қауіпті дертті жұқтырып аламыз ба деп алаңдайды. Ақ жағалылар болса, апатты үйді 2016 жылы жөндеуден өткіземіз деп отыр.
СЕРІК ӨМІРБЕКОВ, Шалқия ауылының әкімі:
Модернизацияға жатқызамыз ба деп отырмыз. Басқа енді суларын, нелерін қазір қолдан келгенше қосып жатырмыз.
ГҮЛНӘЗ БИСЕН, тілші:
Ақ жағалылардың апатты баспананы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндейміз дегені таң қалдырады дейді халық. Жаңақорғандықтар бізге басқа үй керек, әйтпесе үйінділер астында қалып қоюымыз мүмкін деп ашынады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: