Әдеттегіден бөлек биыл, жаңа жыл қарсаңында орталық алаңда қардан жасалған мүсіндердің қалашығы пайда болады.
Балалардың қиялына жақын түрлі кейіпкерлер қаз-қатар тізіліп сап құраған онда не жоқ дерсіз. Аяз ата мен Ақшақардан басталған мүсіндердің барлығы да бар. Түрі-түсі келіскен. Өткен-кеткен жанның бәрі де қызықтап, суретке түсіп жатады. Қардан жасалды демесеңіз әдемі мүсіндер қалаға көрік беріп тұрғаны рас.
Ия, бұл туындылар Жаңа жыл мерекесіне арналып жасалған. Дегенмен, Арал қаласының орталық алаңынан орын тепкен мүсіндер, қала әкімшілігінің ұйымдастыруымен дарын иелерін анықтай отырып, табиғат кереметтерін сомдау арқылы Жаңа жыл мерекесін лайықты қарсы алуды көздеген байқау болатын.
Аталмыш байқау желтоқсан айының 27-28 жұлдызы аралығында Арал қаласында орналасқан бөбекжайлар, балабақшалар, білім беру мекемелері, сондай-ақ басқа да мекеме мен кәсіпорындардан мүсін жасауға бейімі бар қала тұрғындары арасында өткізілді.
Нәтижесінде, байқауға белсене қатысқандардың барлығы дерлік Арал қаласы әкімінің мадақтама қағаздарымен және демеушілердің арнайы сыйлықтарына ие болды.