Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс бойынша су басу аймақтарындағы Сырдария өзенінің арнасы қауіпті 56 учаскеге бөлініп, ол бойынша 135 жауапты мекеме бекітілген. Аталған жауапты мекемелер 1 685 адам күшімен және 403 бірлік арнайы техникамен жарақталған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ. Жаңабаев хабарлады.
«Су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 109,8 тонна жанар-жағар май қоры және 199 500 дана қап, оның ішінде облыс резервінде 153 000 дана, қала және аудандар шегінде 46 500 дана қап сақтауда тұр. Сонымен қатар, 17 350 бау қамыс, 14 720 дана пашын және 500 текше метр қарабура мен тағы да басқа қажетті материалдардың қорлары жасақталды» - деді сала басшысы.
Бүгінгі күні Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 82 эвакуациялық жинақтау және 96 қабылдау пункттері дайындыққа келтірілген.