Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАМЫСТЫБАСТА КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

ҚАМЫСТЫБАСТА КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ
Арал ауданның тіректі елді мекені саналатын Қамыстыбас ауылдық округінде аудан әкімінің есепті кездесуі өтті.
Түрлі сала басшылары мен жергілікті тұрғындар бас қосқан жиында округ әкімі Н.Ділмағамбетов өткен жылды қорытындылап, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Өткен жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша ауылішілік көшелерді жарықтандыруға 2 млн 324 мың теңге қаржыға тиісті жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ, 4 млн 300 мың теңгеге ауылдың кіре беріс автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүзеге асқан.
Ал, кәсіпкерлік саласында жеке кәсіпкер Дәрібаев Серік 400 орынды «Жолдас» тойханасын салып, іске қосып, бұдан бөлек қуаттылығы жылына 18 тонна нан өнімдерін шығаратын наубайханасын да ашып кәсібін өрбітуде. Сол типтес наубайхананы жеке кәсіпкер Шалабаева Ұлмекен де «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 5 млн теңге несие ала отырып, жүзеге асырды. Сонымен қатар, кәсіпкер Ж.Үмбетов өз қаражаты есебінен ағаш өнімдерін өңдеу және пластик есік-терезе жасау цехын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. 
Ауылшаруашылық саласына келсек, ауыл тұрғыны Нұрбай Жүсіп қаз шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1 млн теңге несие алып, жұмыс жасауда. «Құлан» бағдарламасы аясында Б.Асанова болса 10,0 млн теңге несие алып, 34 бие, 3 айғыр сатып алған.
Есепті жиында алда атқарылар міндеттер де ұмыт қалған жоқ. Атап айтқанда, Қамыстыбас ауылының ішкі су жүйесін қайта жаңғырту және «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырын тарту жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл жағымды жаңалықты естіген тұрғындар мемлекет қамқорлығына алғыстарын білдірді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: