Әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы бүгін қалаға қарасты кент пен ауылдық округтерде басталды. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Белкөл кентінің әкімі Асхат Ибрагим, кенттің учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Күздібаев өткен жылы атқарылған жұмыстар барысын таразылады.
Белкөл кентінің әкімі Асхат Ибрагимнің айтуынша, кенттің бүгінде әлеуеті артып келеді. Инфрақұрылым желілері жаңартылып, әлеуметтік жағдайды көтеруге байланысты тиісті әрі нәтижелі жұмыстар атқарылды. Белкөлдіктер Елбасының «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауызсумен толықтай қамтылып, оның көлемі бүгінде 20,2 шақырымды құрап отыр. Ал, жалпы аумағы 21,5 километрді құрайтын кент жолының 2,1 шақырымы асфальтталып, 7,8 шақырымына тас төселген. Сонымен қатар, 6 көше түнгі жарықтандырылған.
Ауылшаруашылығын дамыту саласы бойынша да белкөлдіктер белсенділік танытуда. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген олар жеке кәсіптерін ашып, тіршілік тынысын кеңейтіп отыр. Сондай-ақ, кенттің табиғи газға қосылу мәселесі де биыл оң шешімін тауып отыр. Оған облыстық бюджеттен 378 млн. теңге қаржы қаралып, алдағы көктем айларынан бастап газ құбырларын тарту жұмыстары басталады деп жоспарлануда.