ЖАЛАҒАШ ЖӘНЕ СЫРДАРИЯ АУДАНДАРЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БОЙЫНША АКТИВ ОТЫРЫСТАРЫ ӨТТІ
21 наурыз күні Қызылорда облысының Жалағаш, Сырдария аудандарында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша актив отырыстары өтті.
Жиынды аша отырып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуы – әкімдердің жұмысының ең басты көрсеткіштерінің бірі екендігін атап өтті.
— Бірінші кезекте әр аудан бойынша олардың географиялық орналасуын, табиғи байлығын, кәсіби салтын ескере отырып, бизнес жобалардың іске асырылуын қолға алу қажет. Мысалға айтатын болсақ, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында суармалы егін, көкөніс, бақша шаруашылықтарын дамытуға болады. Жалағаш ауданында мия өңдеу зауыты айналасында мия сусыны, тыңайтқыш өнімдері, фармацевтикалық өнімдер, комибикормдық жем шығару, ал Элеватор кешені айналасында күріш лапшасы, күріш ұны, күріш майы, күріш сабанынан қап, крафт қағаздарын шығаратын кәсіпорындарды дамыту керек,- деді Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, аудан әкімдері және Қызылорда облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асқар Махамбетов ШОБ дамыту және жуырда қабылданған аймақтағы кәсіпкерлікті дамытудың 2017 жылға арналған бірыңғай жол картасын жүзеге асыру бойынша баяндамалар жасады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелер мен аймақтық даму институттарының басшыларына Өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және «Байқоңыр ӘКК»-мен бірлесе отырып, ең бірінші кезекте елді-мекен тұрғындарына шағын кәсіп ашудың негіздерін үйрету шараларын қабылдау, бизнес жобаларды жүзеге асыру мен аудандардағы индустриялық аумақтарды дамыту, жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған, жаңадан кәсібін ашқан азаматтарға қолдау танытып, көмек көрсету жұмыстары тапсырылды.
Микро,- шағын және орта бизнесті дамыту бойынша актив отырыстары сондай-ақ, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен облыс орталығында да өтеді.