Бүгін, Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде денсаулық сақтау саласының үздігі, еңбек ардагері, ғалым-дәрігер Наурызбаев Өтепберген Әбілхайырұлының есімі берілді.
Сыр өңірінің ардақты перзенттерінің бірінің атына көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына, Ө.Наурызбаевтың бауырлары, ағайын-туыстары, ауыл тұрғындары және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қатысты.
- Бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің мекені Ақсуат ауылдық округіндегі күн санап көркейіп, жаңаша өркендеп келе жатқан көшелердің бірін, еліне ерен еңбегімен танылған, Сыр өңірінің ардақты перзенттерінің бірі Наурызбаев Өтепберген Әбілхайырұлының атымен атағалы тұрмыз.
Өтепберген Әбілхайырұлы 47 жылдан астам еңбек өтілінде медицина ғылымының кандидаты, жоғарғы санаттағы хирург ретінде аймағымызда денсаулық сақтау саласының дамуына мол үлес қосып, жемісті еңбек етті.
Бар өмірін халықтың игілігі жолында сарп еткен ел ағаларының ерен еңбегін ұлықтау, бүгінгі ұрпаққа аманат.
Осы мақсатта, Өтепберген Әбілхайырұлының елі үшін жасаған еңбегі мен жарқын бейнесін, ардақты тұлғаның есімін жерлестерінің жадында мәңгі сақтау мақсатында атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылуда.
Сыр еліне жасаған еңбегіне риза халқының, Өзіне деген құрмет-ілтипатына ағамыздың әруағы риза болсын, ағайын!
Салтанатты түрде ашылғалы тұрған бұл жаңа көше, жаңарған, жаңғырған көрікті орындардың біріне айналсын, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Шара барысында Ө.Наурызбаевтың жақындары, замандас достары, әріптестері өмір жолы мен еңбегі туралы сөз етті.