ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Қызылордада 2017-2018 жылдардың қыс-көктем айларындағы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша мәжіліс өтті.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев су тасқыны маусымында жауапты тұлғалардың өзара үйлескен жұмысының арқасында адам шығыны болмай, тұрғын үйлерге зақым келтірілмегендігін атап өтті. Су тасқынына қарсы дайындық шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, атқара білген жауапты ұйым қызметкерлері мен еріктілер жасақ мүшелері, барлығы 18 адам, аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Су тасқыны кезеңінің өту қорытындысы туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев баяндама жасады. Оның айтуынша, өзен арнасындағы мұздың жүруі ағымдағы жылдың ақпан айының 26-сынан басталып, сәуірдің 1-не аяқталды. Көктем-қыс мезгілінде бірнеше мәрте өзен суы арнадан шығып, жайылу оқиғалары орын алды, дегенмен, айтарлықтай шығын келтірмеді. Су тасқыны маусымы барысында жауапты ұйымдар тұрақты түрде өзен бойында мониторинг жүргізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы техникаларды жұмылдырды. Алайда, осы кезеңде аудан әкімдіктерінде су сорып тазалау жұмыстарына қажетті арнайы техникалардың (мотопомпалар) жетіспейтіндігі белгілі болды. Осы орайда жұмылдыру дайындығы басқармасы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне өз бюджеттерінен қаржы бөліп, қажетті көлемдегі мотопомпалар сатып алу туралы ұсыныс айтты.
Жауапты департамент пен мекемелердің басшылары және аудан әкімдері жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.
«Биылғы мұз жүру жағдайын аса көп шығынсыз өткіздік. Бұл Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы нысандары атқарған жұмыстардың нәтижесі десек те болады. Алайда, босаңсуға болмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет», - деді облыс әкімі
Мәжіліс қорытындысы бойынша аймақ басшысы аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларына келесі су тасқыны маусымына дейін өзен бойында қауіпті аймақтарды анықтап, қалпына келтіру жұмыстары мен су шаруашылығы нысандарын жөндеуді және өзге де қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды.