Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде мемлекет қолдауымен бірнеше көшенің реңі кіріп, көлік қозғалысына қолайлы болды.
Соның бірі – Әбдіқадыров көшесіне түгелімен асфальт төселді. Жаңа қоныстанған 2 көше тұрғындарына өзін-өзі басқару шоты есебінен ауыз су құбыры тартылды. Алдағы уақытта 2 Линия, Зеленая көшелеріне тас төсеу жүргізіледі. Ауылға кіре беріс қақпа түнгі шамдармен безендіріліп, бүгінде кент көркін аша түсуде.
Былтырғы жылдың ақжолтай жаңалығы – кентке табиғи газ келіп, тұрғындар көптен күткен игілікті істің жемісін көріп, мәз-мәйрам болды. Бұл мақсатта қазына қазанынан қомақты қаржы бөлінді. Мұндағы 565 жеке үй мен 4 көпқабатты үйлердегі 280 пәтер бір мезетте газға қосылды.