Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар алдында 7 айда жасалған жұмыс пен алға қойылған міндеттер жөнінде есеп берді. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Бекмырза Еламанов, Мұрат Мұхамедов, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова қатысты.
Жыл басында қала бюджеті 42 млрд. 115,7 млн. теңге болып бекітіліп, ол бүгінгі күнге 50 млрд. 264,2 млн. теңгені құрады. Алты айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 370 млрд. 233 млн. теңгенің өнімдері өндірілді. Облыс әкімінің бастамасымен 2021 жылға дейінгі алдағы 3 жыл «Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленіп, осы саланы дамытуға жан-жақты жағдай жасалуда. Қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын, орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, бірінші жартыжылдығында 1840 кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 1885 жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54,5 пайызға артты.
Аймақ басшысының қолдауымен индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артуда. Соңғы жылдары жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды.
Қазір қала аумағы кеңейіп, халықтың саны артып келеді. Соған орай бас жоспарға өзгерістер енгізілді. Оған облыстық бюджеттен 55 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсінің жеңімпазы болып «Урбостиль» ЖШС танылды. Бұл жоба қалалық және облыстық мәслихат сессияларында қаралып, ҚР Үкіметінің қаралуына ұсынылды.
Бас жоспардағы өзгерістердің ең маңыздысы – қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді. Ендігі ретте бұл аумақтарды облыс орталығы құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады.
Сессия барысында әкім есебінен соң тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының қазіргі жағдайы, медициналық қызметтің сапасына қатысты бірнеше мәселелер қаралып, оны депуттаттар мақұлдады. Сондай-ақ, қала басшысының есебіне халық қалаулылары оң бағасын берді.
Сонымен қатар, республика бойынша қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы:
– Соңғы жылдары облыс орталығын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Әртүрлі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Осы аралықта сол жағалаудың бас жоспары жасалып, шыны зауытының құрылысы жүргізілуде. Жалпы, қарқынды тірлік бар. Жаңа қала тұрғызу – ол өте ауқымды, жауапкершілігі мол іс. Мен дарияның қала тұсындағы сол жағалауынан болашақта керемет бір қаланың көрінісі бар екенін байқадым. Қызылорда – келешегі кемел үлкен қала. Бұл бізге зор мақтанышпен қатар үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, қала – бәрімізге ортақ. Ал, 200 жылдық тарихы бар шаһарды көркейтіп, гүлдендіру жергілікті басшылықтың жүйелі жұмысының жемісі. Қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың іскер азамат. Ол – еңбекқор әрі қадағалаушылық қасиеті мол, талапшыл басшы. Облыс әкімінің қолдауы да айқын аңғарылады. Жүйелі істе жемісті болады, – деді ол.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: