Өткенді бағаламай, болашақты баянды ету мүмкін емес. Қазақ халқы әрқашанда өзінің біртуар перзенттерін, дара тұлғаларын дәріптеген, оларды ұлықтаған халық.
Киелі Сыр өңірінің даңқты перзенттерін құрмет етудің тағы бір шарасы ретінде Қазақстан Ресупбликасының ауылшарушалық ғылымдарының докторы, академик, Ресей Федерациясының профессоры Мырзабеков Сұлтанның есімін ұлықтау үшін Қызылорда қаласы, Ақсуат ауылдық округінде көше берілді.
Мырзабеков Сұлтан Шайымұлының атына берілген көшенің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Н. Нәлібаев: «Биылғы жыл Сыр жұртшылығы үшін тарихи жыл. Алашқа Ана, сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға пана болған қасиетті мекен, Сыр елінің орталығы – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы.
Мерейтойлық шаралар аясында өңіріміздің өткенінен, тағылымды тарихынан Сыр шертетін маңызды оқиғалар мен аймағымыздың дамуына сүбеле үлес қосқан тарихи тұлғаларды насихаттауды басты мақсат етудеміз» деді.
Ғалымның атына берілген көше бойынан ескерткіш тақтасы қойылып, замандастырын Сұлтан шайымұлы туралы естеліктерін айтты.
Жалпы, соңғы жылдары қарқынды даму үдерісімен ерекшеленген Ақсуат ауылдық округіне биылғы жылы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық және жергілік бюджеттен 87 млн. теңге бөлінді.