Қазіргі Қызылорданың келбеті мүлдем бөлек. Өзгеріс көп. Әрине, жақсы жағынан. Әуежай жақтан кіріп келе жатқаннан қала тазалығы көзге түседі. Тап-таза, көңілге ерекше бір жайлылық сыйлайды. Көп қабатты үйлердің, зәулім ғимараттардың көбейе түскенін аңғарамын. Жаңадан бой көтеріп жатқан сол жағалаудың өзі неге тұрады? Сосын осы тұста қаланың ескі сыр-сипатын сақтай отырып, жаңарып келе жатқандығын айтқым келеді. Кейбір қалаларда тарихи құндылықтар сақтала бермейді. Жаңаша кейіппен дамиды. Ал, біздің Қызылорда қанша өзгеріп-өркендесе де, тарихи келбетін сақтап қалған. Ұлттық дүниелер иісі аңқып тұр. Осыған қуанамын. Мен туған қаламның әрбір бұрышын жатқа білемін, ұмытқаным жоқ. Әр келген сайын қаланы аралаймын. Мен үшін бұл өте қызық. Мұндағы әрбір үй, әрбір дүние менің өткен өмірімді еске түсіреді. Бұл өлкеден жырақтап кеткеніме біраз жылдың жүзі болды. «Ақмешіт» атауы әрқашан мен үшін өте ыстық. Бүкіл қимас жастық-шағым, қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдарым, арманға толы күндерімнің бәрі осында өтті. Қызылорда дегенде елең ете түсемін. Дария жағасына барсам, көп нәрсе еске түседі. Негізі, мен Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Ата-анам сол жақта студент кезінде отау көтерген екен. Кейін ата-анам Қызылордаға келді. Мен осында өсіп-жетілдім. Әйтсе де, тек төлқұжатымда Алматы қаласында дүниеге келген деп жазылып тұрғаны болмаса, мен өзімді ешқашан алматылықпын деп сезініп көрмеппін. Қазір өткен өмірімнің қай тұсын есіме алсам да, Қызылордамен тоғысып, осы қаламен байланысты болып шығады. Сондықтан бұл шаһарды ерекше жақсы көремін.