Қызылорда қаласына биыл 200 жыл толады. Екі ғасыр ішінде Қызылорда қаласында қаншама оқиғалар болып өтті.
1960-1970 жылдары Қызылордада 55 шағын, орта өндіріс орындары жұмыс істеп, қала халқының саны 46 мыңға жетті.
Шаһарда тұңғыш музыкалық училище есігін айқара ашты. Алғашқыда фортепиано, халық аспаптары, ән және хор-дирижер бөлімдері бар еді. Училищені бітірген өнерлі жастардың көбі өздерінің музыка жөніндегі білімдерін әрі қарай жоғары оқу орындарында жалғастырды, көпшілігі облыстық музыка мектептерінде сабақ берді.
Сол кезеңде қалалық партия активінің жиналысында мәдени-ағарту мекемелерінің жұмыстарында орын алған кемшіліктерді жою мәселесі қаралды. Мәдени-ағарту мекемелерінің идеологиялық бағытта жаңа міндеттерге сай қызмет көрсете алған жоқ. Оның басты себебі – бұл саладағы қызметкерлердің 35 пайызының ғана орта білімі бар, оқу үйлері, кітапханалар қажетті үйлермен қамтамасыз етілмеген еді. Осыған байланысты қаладағы мәдени-ағарту мекемелерінің жұмыстарын жақсарту бағытында басты міндеттер айқындалды.
Қаладағы мәдени-ағарту жұмысының қол жеткен табыстарына клуб мекемелерінің қосқан үлесі зор. Өйткені, бұл клубтар кейіннен пайда болған ірі мәдениет үйлерінің алғашқы бастауы еді. Яғни, Қызылорда қаласының өнері мен мәдениеті, тарихы осы клуб жұмысының жолға қойылуынан басталды. Сондықтан, бұл істің құлаш жаюы 1960-1970 жылдары ерекше қарқынмен жүріп жатты.