Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

АҚМЕШІТ ТӨРІНДЕГІ САЯЛЫ БАҚ


Қаланың өткені мен бүгінгі келбетін салыстыруға келмес. Бұрынғыға қарағанда қазір жаңашылдық бар. Бүгінде облыс орталығының тазалығы да ауыз толтырып айтарлықтай. Қос ғасырлық мерейтойын атап өтетін Қызылорданың дәл қазіргі уақыттағы көрінісі көрікті ойды қонақтады. Бұрынғыдай емес, қазір қалада жастар демалатын, тұрғындардың таза ауада серуен құратын жерлері де жетерлік. Жастардың жанына сая болатын осындай демалыс орнының бірі – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябағы. Бүгінде жасыл желекке оранған бұл орын алыстан менмұндалап, қаланың көркіне көрік қосып тұр.
Қызылорданың аптапты ыстығына қарамастан тал түсте бұл маңда қызу тірлік жүріп жатыр екен. Саябақ аумағын тазартып жүргендерден бөлек, гүлзарлар мен ағаштарға су құйған мамандарды көзіміз шалды. Тірлікті оңтайластырып жүрген учаске бастығы Қожабек Қарсақбаев ішкі жұмыс барысымен таныстыра бастады.
Учаске бастығы ең алдымен демалыс орнындағы «Ардагерлер аллеясын» көрсетті. Кейінгі ұрпаққа өнегелі ісін көрсетіп, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілмен ағаш отырғызған алдыңғы буын өкілдерінің игілікті ісі өнеге боларлық. Бұл ағаштардың барлығы шырша екен. Елбасының саябақты салтанатты түрде ашқан уақытында өз қолымен отырғызған ағашы да бұрынғыдан көп өсіп қалған. Учаске бастығының айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын отырғызылған шыршаның бойы 2 жарым метрден асады және ол жылына 7 сантиметр ғана өседі екен. Шыршаның баяу өсетін бұл түрі арша деп аталады. Арша алғаш отырғызылғаннан кейін 5-7 жылдан соң дән салатын көрінеді.
Сырдария өзенінің жағасынан орын тепкен Елбасы атындағы саябақта алғаш ашылған жылдары көшеттер отырғызылды. Дегенмен, оның әрі қарай алып кетуі, көктеп-көгеруі қиынға соқты. Саябаққа осы істің жілігін шаққан Пернебек Архабаев, Әжібек Мампаев сынды мамандардың басшылыққа келуінен кейін демалыс орнының әрі кіре бастады. 2013 жылдан бастап саябақ бұрынғыдан да ерекше құлпыра бастады. Осылайша қызылордалықтардың демалыс орнының біріне айналды. Сол жылы саябақтың ішіне сарқырама каналы жүргізіліп, аумақтағы барлық ағаштарға түгелдей су жететіндей жағдай жасалды.
Бүгінде 16,5 гектар аумақты алып жатқан демалыс орнында 45 мыңнан астам ағаш жайқалып тұр. Ағаштардың ішінде қылқан жапырақты шыршалар, теректер, Сыр талы сынды жергілікті жердің ағаштары көктеп-көгеріп, тыныс алар ауаны жақсартуға үлес қосуда. Сонымен қатар, саябақта шие, өрік, алма жеміс ағаштары да жыл сайын жемісін беруде. Сондай-ақ саябақтың 2 мың шаршы метріне гүл егілген. Саябақтың тағы 2 мың шаршысы көгалданған.
Шіліңгір шілде. Ми қайнатар ыстықта салқын самал есіп тұратын орынды іздейміз. Саф ауасы көкірек сарайын ашатын тұңғыш Президент саябағы нағыз жанға жайлы демалыс орнына айналды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: