Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫРДЫҢ ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЫ МЕКЕНДЕГЕН


Қызылорда қаласының екі ғасырлық тарихында өз ізін қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – алаштың аяулы ақыны Сәкен Сейфулин. Ақынның Қызылорда Халық ағарту институтының ректоры қызметін атқарғанына ғасырға жуық уақыт болды.
С.Сейфуллин 1927 жылы Қызылорда Халық ағарту институтының ректоры болып тағайындалды. Бұл мекеме қазіргі Ғылым академиясымен деңгейлес еді. Белгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев өзінің зерттеуінде бұл кезеңді былай деп сипаттайды: «Қызылордадағы қазақтың ағарту институтына ректор болып ауысқаннан бері оқушылардың терең білім алып шығуына, хал-жағдайларының жайлы болуына назарын көп аударды. Октябрь мерекесіне «Жыл құсы» альманағын шығаруға Өлкелік комитеттен ұлықсат алып, жарияланатын шығармалар мен мақалаларды өзі іріктеуге кірісті.»
Қызылорда жері Сәкеннің негізгі қызметімен қоса шығармашылық жолын шыңдауға шабыт берген мекен болды. Белгілі «Көкшетау» поэмасының соңғы тараулары Қызылордада жазылған. 1927 жылы «Тар жол тайғақ кешу» романы,«Жер қазғандар»повесі, 1928 жылдың бас кезінде «Тұрмыс толқынында» - өлеңдер жинағы да қалада басылып шықты.
Ақын Қызылорда жерінде шаңырақ көтеріп, отау құрды. Жұбайы Гүлбаһрам өзінің естелігінде: «Сонымен не керек, Ақмоладан аттанғанда ағайын-туыстардың анау-мынау әрекетіне мойын ұсынбай кеткен басым, енді міне, Қызылордаға –Қазақстанның астанасына қырдың қызыл сұңқары мекендеген шаһарға жүрмекпін».
Қызылордаға келгеннен кейінгі отбасылық өмірі былай суреттеледі: «Семьялық тірлік расында да ер-азамат үшін ең бір бақытты шақ қой. Өзім жаңа тұрмыстың жөн-жобасын үйреніп жора-жолдастардың көңілін аулау, жан-жарымның ойынан шығу қамымен жүрген соң солай ойладым ба, әлде көп жылдан бергі сүр бойдақтықтан, бейсауат жүріс-тұрыстан ада қалғандықтан ба, әйтеуір, Сәкен жұмыстан басқа уақытының бәрін үйде, жазу үстелінің басында өткізді. Өзің ойлап көрші, мен 1926 жылдың желтоқсанында келіп, сол үйдің ошағына пұт болдым. Сәкен испарт деген мекемеден Қызылорданың халық ағарту институтының директоры болып ауысқанда пәтерімізге көп папка құшақтап келгені есімде. Үстелдің үстінде солар самсап тұратын, сыймағаны терезенің алдында, қалтарыс жерлерде жататын. «Тар жол, тайғақ кешудің» соңғы тарауларын жазып жатқанда әлгілерді әлсін-әлсін ашып-жауып жатқаны әлі есімде»...
Осы естелікте атап кеткен «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романының баспадан шыққанына биыл 90 жылдан, оқиғасына 100 жылдан астам уақыт болды. Бұл роман – сол кездегі қоғамдық — саяси өмірдің көркем шежіресі іспеттес тарихи тұрғыдан баяндалған мемуарлық шығарма.
«Тар жол, тайғақ кешудің» алғашқы бөлімдері 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көрген. Романның негізгі сюжеті – сол уақыттағы қазақ даласында болған ірі саяси оқиғалар. Мысалы, Г.Е.Львов пен А.Ф.Керенский басқарған Уақытша Үкімет, Алаш қайраткерлері құрған «Алашорда» ұлттық автономиясы, әр түрлі бағыттағы ұйымдардың құрылуы сияқты ірі тарихи оқиғалардың басы-қасында болған Сәкен Сейфуллин өзінің көргенін, білгенін тарихқа қалдыру үшін, Ұлы Қазан төңкерісінен бастап қағазға түсіріп, оны көлемді романға арқау етті.
Роман сол мезетте-ақ, өз алдына жеке кітап болып баспадан шығып, оқырманымен қауышты. Ол уақытта барлық Алаш қайраткерлерінің көзі тірі еді. Тек Нәзір Төреқұлов қана осы романдағы оқиғаларға шүйлігіп, сынап, мінеп шу шығарған болатын. Роман желісінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұстафа Шоқай бастаған алаш азаматтары хақында автор өзінің ойын ашық айтқан еді. Осы аталған тізімдегілердің бірде бірі Сәкенге тірісінде «романыңдағы жазғандарың қате» деп тас атпаған.
Алаштың ардақтысы Сәкенді толғандырған көп мәселелердің бірі де, бірегейі қазақ әдебиетінің мәселесі, оқулықтың жетіспеушілігі. Жазылған әдебиеттердің көркемдік жайы, қоғамдағы өзектілігі болатын. Осы ретте Қызылордада білім саласын басқарған 1922-1928 жылдарда біраз еңбектердің баспадан шығуына өзі ұйтқы болды. Қазақ әдебиетіне байланысты оқулықтарды, оқу әдістемелік құралдар жасау барысында үлкен еңбек етті.
1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) қазақ халқының ауыз және жазба әдебиеті үлгілерін жинауға қол ұшын беру жөнінде халыққа жолдау жібереді. Жиналған материалдар нәтижесінде, Қызылорда қаласында – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ә.Мәметова, Б.Майлин авторлығымен «Әдебиет тану оқу құралы» атты 5 сынып оқушыларына арналған оқулық-хрестоматия жарық көреді.
Қызылорда қаласының облыстық мұрағатында сақталған Қызылорда халық ағарту институтының педагогикалық кеңесінің хаттамаларынан, С.Сейфуллиннің институтты қалыптастырудағы еңбегі, мұғалімдер іріктеп, тәрбиелеудегі жұмсаған күш жігері,қосқан үлесіне көз жеткізе аламыз. Халқының болашағы үшін жасаған еңбектерін атап, кейінгі жастарға үлгі ету біздің міндетіміз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: