Облыс орталығында 72 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Титов қыстағы мен КБИ мөлтек ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 75 көше қайта жаңғыртылды. Абай даңғылы бойы мен Қазыбек би көшесінен жаяу жүргіншілерге арналған 2 аспалы көпір ел игілігіне берілді. «Мұнайшы» мөлтек ауданын бой көтерді. Облыс орталығында 3 мың орындық ипподром салынды.
Қызылжарма мен Ақсуат ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Қызылордада «Ана мен бала» орталығы пайдалануға берілді. Асқар Тоқмағамбетов, Сәбира Майқанова, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйлері жаңғыртылды.
«Театр анасы» атанған актриса Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған театрлардың республикалық фестивалі өтті. Сыр өңірінде қазақ баһадүрі, ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығы аясында түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Теміржол вокзалының алаңында батырдың ескерткіші орнатылды.
2016 жылы ұлы мереке – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жоғары дәрежеде тойланды. Бұл жыл Қызылорда үшін де бергені мол, берекелі кезең болды. «Қызылорда» автобус паркі» құрылып, үлкен сыйымдылықтағы заманауи 112 автобус халыққа қызмет ете бастады. Аумағы 5 гектар жерге жаңа үлгідегі автобус паркі салынды. Жаңадан 3 диспетчерлік пункт іске қосылды.