Екі ғасыр уақыт ішінде шежіресі тарих беттерінде қатталған Қызылорда соңғы уақытта өзгеше кейіпке еніп, бүгінгі заманға сай келбетке ие бола бастады. Қалада әр сала бойынша жағдайдың алға ілгерілеушілігі, дамуы аңғарылады. Оның ішінде денсаулық саласында атқарылып жатқан істер аз емес. Аталмыш салада оң өзгерістер мен тың бастамалалар бар.
Бұл бағытта көп жылдардан бері жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан емдеу ұйымының бірі – Қызылорда теміржол емханасы. Қызылорда станциясындағы теміржол ауруханасының құрылысы 1902-1904 жылдары жүргізілген. 1905 жылдан бастап жұмысын бастаған аурухана алғашқыда 16 орынға арналды. Мәселен, 10 – терапевтік, 4 – гинекологиялық және ауруды оқшаулайтын 2 адамдық орын болды. Оның алғашқы қызмет аймағы Төретам мен Шиелі стацияларының аралығын қамтыған. Ақысыз медициналық қызмет тек қана теміржол қызметкерлеріне көрсетіліп, тегін дәрі-дәрмек берілді. 1925 жылдан бастап ауруханадағы төсек саны 25-ке жетті. Дегенмен, халық саны өскен сайын бұл салада орын жетіспеушіліктер байқалып тұрды. Осыны ескерген жергілікті басшылық аурухана жанынан емхана салуды жөн деп тапты. Осылайша, екі жыл уақыт ішінде емхана ел игілігіне берілді. Бұл кезде дәрігерлер штаты 10 бірлікке өсіп, емхана екі ауысымда жұмыс жасады. Онда тіс, көз, тері аурулары, хирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық, терапевтік және балалар кабинеттері қызметін бастады.
1942 жылы облыс орталығында денсаулық сақтау ісі біршама жақсарды. Қызылордаға көптеген білікті дәрігерлер қоныс аударып келді. Ал 1952 жылы аурухана мен емхана бірікті. Емханадағы медициналық қызмет екі өндірістік учаскелік принцип бойынша жүргізілді. Сондай-ақ, алғашқы туберкулездік кабинет ашылды. Вокзалдың медициналық бекетінде тәулік бойына кезекшілік атқаратын 5 фельдшер қызмет етті. 1960 жылы перзентхана мен балалар бөлімшесі салынды. Осылай аурухананың төсек саны ұлғая түсті. 1970 жылға дейін аруханадағы төсек саны 225-ке жетті. Аурухана жанынан қан құю бекеті ұйымдастырылып, Жалағаш және Бәйгеқұм станцияларында 2 фельдшерлік бекет ашылды. Осындай жұмыстар тұрғындар денсаулығын сақтауда оң ықпалын тигізді.
Биыл сәуір айынан бастап «Қызылорда теміржол ауруханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталады. Міне, бір ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда теміржол ауруханасының өткен белестері осындай.
– Адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығы. Өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Тарихы ғасырдан асқан теміржол ауруханасы кезінде қиындықтарға да мойымай, заман көшіне ілесе білді. Облыс деңгейіндегі медициналық қызмет көрсете алатын денсаулық сақтау кешеніне айналды. Аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарып қана қоймай, жаңа заманауи медициналық әдістер енгізілді. Қазіргі уақытта филиалда офтомолог, отоларинголог, стоматолог столдары, УЗИ, рентгент аппаратымен жаңартылды, – дейді Қызылорда теміржол ауруханасының директоры Сұлтанбек Кенжебаев.
Ауруханада ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген медицина қызметкерлері баршылық. Мәселен, емхана бөлімінде нәзік жанды аналарға сәбилі болу қуанышын сыйлап жүрген жоғары білікті гинеколог-дәрігерлер Роза Тілеулеева мен Гүлжамал Жылқыбаева ұзақ жыл қызмет етіп келеді. Бірінші санаттағы терапевт-дәрігерлер Гүлзия Баймұратова, Людмила Пятикова жанына дауа, еміне шипа іздеген адамдарға өз дәрігерлік көмектерін аямайды. Ультра дыбыстық зерттеу маманы болып ұзақ жылдар бойы бірінші санаттағы дәрігер Динара Абдуаитова жұмыс жасайды.
Осындай халық игілігі үшін қызмет етіп жатқан ауруханалар мен дәрігерлердің арқасында аймақта ана мен бала өлімі, туберкулез ауруынан көз жұматын адамдар саны айтарлықтай азайған. Бұл – денсаулық сақтау саласында атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесі.