Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жеткен жоқ – ДСМ
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жетпегенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейінгі төрт күнде коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының бәсеңдегенін байқаймыз. Әйтсе де Қазақстанда эпидемия шарықтау шегіне жетпегенін айта кету керек. Карантин шараларының арқасында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында вирусты жұқтырғандар саны тоқтап қалды. Бірақ басқа өңірлерде эпидемияның белең алып бара жатқаны байқалады. Шамамен Қазақстанда эпидемияның шырқау шегі – бір-екі аптаның ішінде болады деген болжам жасалып отыр», - деді Ботагөз Жақселекова онлайн режимде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша коронавирусты анықтау бойынша адамдар тобы да белгіленгенін атап өтті. «Олар - кейінгі екі айда суық тиіп, ауырған адамдар. Тест оларда коронавирустың бар-жоғын анықтап береді. Бірақ қазіргі уақытта коронавируспен ауыратын адамдарға экспрес-тесттердің белгілі бір дәрежеде зиян екенін айта кету керек. Егер адамның ағзасында антидене болмаса тест оны көрсетеді», - деді ол.