Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер үшін аса үлкен мәселелердің бірі ғимаратты жалға алу ақысы болды. Карантин жағдайында жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлердің басым бөлігі жалдау ақысын төлеуге келгенде қауқарсыз болды. Кәсіпті дамыту үшін деп алған несиелері, 2 айға жуық уақыт жұмыссыз отыру айтарлықтай қаржылық қиындықтарға алып келді.
Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Жергілікті атқарушы органмен бірге ғимараттарын жалға беріп отырған кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздік. Бұл азаматтарды да түсінуге болады. Ғимаратты ұстап тұру, қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық төлем сынды шығындары бар. Дегенмен, жағдайды әріптестеріміз де жақсы түсініп отыр. Кәсіпкерлер палатасына төтенше жағдай кезінде 85 кәсіпкерден жалға алу құнына қатысты көмек көрсетуді сұраған өтініштер түсті. Келіссөздер барысында облыс бойынша көлемі 2000 шаршы метрден асатын ғимаратыбар отыздан астам кәсіпкер жалға алушы 1823 бизнес өкіліне жеңілдік жасайтынын жеткізді. Келіссөздердің басы-қасында болған жергілікті атқарушы органдарға да, ғимарат иелеріне де айтар алғысымыз шексіз», - дейді.
Атап айтқанда, 9 сауда нысаны 267 жалға алушыға 100 пайыз, 2 сауда үйі 127 кәсіпкерге 50 пайыз, 1 сауда үйі 57 кәсіп иесіне 30 пайыз, 12 сауда нысаны 1372 бизнес өкіліне 20 пайыз жалдау ақысынан жеңілдік жасаған.
«Кәсіпкерлерді төтенше жағдай кезінде 100 пайыз жалдау ақысынан босатқан әріптестерімді атап айтқым келеді. Олар: Жаңақорған ауданында «Нұр» базары, «Нұр-Асыл», «Аркен» сауда үйлері, Қазалы ауданында «Мусаев», «Орын-Ай», «Ару-Илия» базарлары мен «Береке», «Бәйтерек» сауда үйлері, Қызылорда қаласында «Сәулет» базары иелері. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді», - дейді Палата директоры.
Кәсіпкерлер палатасының мамандары өз кезегінде кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер, несиені төлеу мерзімін шегерту, уақытша жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген кәсіпкерлердің жұмысшыларына әлеуметтік төлем алу мәселелерінде кеңестер беріп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.