Қызылорда облысы Қазалы ауданы Бірлік ауылының жүз отызға жуық оқушысы бұрынғы қоймада білім алып жатыр, деп хабарлайды 31.kz телеарнасы.
Оның өзі бүгінде апатты жағдайда. Қабырғалары мүжіліп, шатыры қирап тұр. Едендері шіріп біткен. Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқады. Бір күні болмаса, бір күні оқушылар үйінділер астында қалып қоя ма алаңдайды.
Бұл күнделікті қолдан соғылатын қоңырау сылдыры. Ешқандай жағдай жасалмаған 102-мектепке балалар келгісі келмейді. Бірақ ауылдағы жалғыз білім ордасы болған соң олар шарасыз. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бой көтерген ғимарат алғашында қойма ретінде пайдаланылған. Темір-терсектер мен астық сақталыпты. Бұрынғы мектеп қираған соң, қойма оқу орнына айналған. Бұның өзі де құлауға аз қалып тұр. Шенеуніктерден қайыр болмаған соң мектептің жыртығын өзіміз жамап қоямыз дейді ауыл адамдары. Күрделі жөндеу жұмыстарын мүлдем көрмеген білім шаңырағының іші өте салқын. Ескі пеш жылытпайды. Оқушылар сабақтың үстінде сырт киіммен отыруға мәжбүр.
НҰРАЙЫМ ДІЗБАЕВА, оқушы:
Мектеп суық. Біз курткамен отырамыз. Үйдегі анамыз мектеп құлап кете ма деп қорқады.
Мектепте дене шынықтыру пәні сынып ішінде өтеді. Арнайы оқу кабинеттерінің тапшылығы да сезіледі. Ғимаратқа жақын маңда дария ағады. Сондықтан жер өте ылғалды. Балалар неше түрлі ауруларға шалдығып жатыр дейді тұрғындар.
БАҚЫТ ЖЫЛГЕЛДИЕВ, ата-ана:
Бізге жақсы типовой екі этажды мектеп болса, детсад болса деп жылда армандаймыз. Жылда болады орындалады дейді. Көп созылып кетті өте.
Жылда болады деген шенеуніктердің уәдесіне ата-аналар ғана емес мұғалімдер де сенуден қалған. Олар жақын арада жаңа ғимарат салынатындығына мүлдем сенбейді.
БАҚЫТКҮЛ ЖҰБАНИЯЗОВА, №102 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі:
Сенбейтінім осыдан он жыл бұрын дәл осы жерде аудан әкімі Айтбай Көшербай ағай келіп, осы мектептің аварийный жағдайын біз анау жерде ауылдық клубта айттық. Онда мен көрейінші деп ізімізден ертіп келгенде анау жерден жауын кетіп, бұрыштан, сырт көрініп тұрған тұғын. Бір қабырғасы солайымен құлап қалған.
Жаңадан келген билік өкілдері де болса, әдеттегідей күнде ертең деумен келеді. Келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталып, аудандағы апатты білім мекемелерінің мәселесі шешіледі екен.
ҒАБИТ БӘЙМІШЕВ, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары:
Үш-төрт мектептің құжаттары дайын тұр. Олардың барлығы республикаға ұсынылған. Аманшылық болса, 2015-2016 жылы апаттық мектептердің жағдайы аудан, облыс бойынша шешіледі деп отырмыз.