Қызылорда қаласының оқушылары екі жыл бұрын ашылған «Smart Rubber» ЖШС-де болып, жұмысымен танысты, - деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.
Шина зауыты автокөліктің тозған доңғалақтарын жаңа өнімге айналдырады. Бұл кәсіпорын – еліміздегі жалғыз тың жоба, экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді.
Ашылғанына 2 жыл болған «Smart Rubber» ЖШС-де тозған автокөлік доңғалақтарын қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығарады.
Мұнда жарамсыз дөңгелектер бірнеше сатылы өңдеуден өткеннен кейін ұнтаққа айналады. Оған полиэтилен ұнтағы қосылады, екі қоспадан дайын өнім – жерасты суару түтігі шығарылады. Неміс технологиясының көмегімен 10-15 минутта 100 метрлік түтік дайын болады.
Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологиясына көшіріледі. Соған сәйкес жерасты түтіктеріне сұраныс артары анық. Қазір резеңке ұнтақты алатындар өте көп. Футбол алаңдарына төселеді, сондай-ақ жол құрылысына пайдаланылады. Белсенді ұнтақ бетуннмен араласса, асфальттың сапасын жақсартады.
- Резина ұнтақтарын стадиондарда, балаларға арналған ойын алаңдарына пайдалынуда. Мекемелер де сатып алып жатыр, - дейді өндіріс басшысы Серік Ақпембетов.
Жылына зауытта 2 мың тонна өнім дайындалады. Қызылордада мұндай зауыттың бар екенін білген оқушылар сұрақтарына жауап алды.