Жасыратыны жоқ, жеке кәсіпкерлер тұтынушыға өз өнімімізді ұсынуда бәсекеге қабілетті. Әсіресе ас атасы нанды саудалауда жаңақорғандықтар өзбек ағайыннан асып түспесе кем түспейтінін дәлелдеп-ақ жүр. Бүгінде жаппай жұмысбасты ағайынды нанмен қамтамасыз етуде. Осы кәсіпке талап қылған ағайынның еңбегі айрықша. Қашан барсаң кезек күтіп тұрған тұрғындардың көптігіне қарап-ақ нан өніміне деген сұраныстың көп екенін білуге болатындай.
Біз кент орталығындағы «Ғани» дүкенінің жанынан ашылған нан өнімдерін сататын наубайханаға арнайы соқтық. Бізді жылышыраймен қарсы алған Нұрсейіт Нұрханұлы қайнаған тірліктің ортасында жүр екен. Нанға келушілердің қарасы қалың. Тіпті кезекке тұрып алған. Гүмпитіп пісірген таба нан мен қып-қызыл боп піскен самса, бәліштердің иісі аңқиды. Біз Нұрсейітті әңгімеге тарттық.
– Кәсіп ашу бала кездегі арманым. Бұған дейін жеміс-жидек сатып көрдім. Пайдасы жаман емес. Тек әр кәсіптің өз адамы болады екен. Былтырдан бері нан жауып сатуды қолға алдық. Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Күндізгі ауысымда 4 адам жұмыс істесе, түнгі ауысымда 2 адам қызмет етуде. Яғни халыққа тәулік бойы нан жауып сатамыз. Наннан бөлек самса, пицца, бөліш те сатылып келеді.
«Ер дәулеті – еңбек» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған ол аудан халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Былтырдан бері оның наубайханасынан шыққан әрбір өнім жоғары сұранысқа ие. Өзі еңбекқор, кәсіптің қыр-сырын меңгерген Нұрсейіт көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі Нұрхан мен анасы Тамараның екіншісі. Кішкентайынан еңбекке баулып, кез-келген істі бастауға келгенде тәуелкелдікті ата-анасынан үйренген ол өз-өзіне бек сенімді.
– Біз күні бойы нан өнімдерін пісіріп отырамыз. Кейбірі дүкендеріне апарып сатуда. Әр нанның салмағы 500 грамды құрайды. Әзірге пешке тек 6 нан пісіріледі. Ал, тәулігіне 200-ге дейін нан пісіріледі. Түнде қамырды илеп, бастырып қоямыз. Азанымен көмілген нанның алғашқы бөлігі сөреден табылады. Алға қойған мақсатымыз талапқа сай, құнарлы өнімді уақытында пісіру екені белгілі. Келешекте бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз, – дейді наубайханашы.
Алдағы уақытта наубайхана жұмысын одан әріге дамытып, сұраныс көлемін арттыруды көздеген ол әркез күшіне емес, адал ісіне сенеді. Қашан да шын қалап жасалған істің мол несібесі болатыны хақ.
Тәулік бойы тынымсыз еңбекпен айналысқан кейіпкеріміз өз кәсібін кеңейтуге бел буған. Бар мақсаты отбасылық бизнесті қолға алып, көпшілік сұранысын қағанаттандыру. Өз жұмысына шебер азамат алдында тұрған кедергіні жеңіп шығары сөзсіз. Бастапқыда, бұрын-соңды айналыспаған кәсіпті игеру қиындыққа соқтырғанымен, табандылығының арқасында бірте-бірте наубайхана жұмысының қыр-сырын меңгере бастаған Нұрсейіт Нұрханұлы шағын бизнесті ілгерілету жолында қажыр-қайратын барынша жұмсауға әзір.Біз де өз тарапымыздан ісің ілгері бассын демекпіз.