Бүгін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Арал ауданына барды.
Алдымен Көкарал бөгетінің жұмысымен танысып, "Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау"(САРАТС) жобасының ІІ фазасын іске асыру мәселесін талқылады. Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев бөгеттің жұмысына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
«Өздеріңіз білесіздер 2005 жылы Көкарал бөгеті салынды. Дегенмен оның қазір біраз мәселелері бар. Бір жағын су шайып жатыр. Сондықтан бөгеттің жұмысын қалыпқа келтіріп, қуаттылығын арттыруымыз қажет. Биыл министрлік тарапынан жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті қаражат бөлінді, жоба дайын болғанганнан кейін құрылыс жұмыстарын бастаймыз» - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сондай-ақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі САРАТС жобасына да тоқталды. «Нақты қабылданатын шараларды анықтадық. Енді тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз. Бұл жобаның маңыздылығы Көкарал бөгетіне келетін суды жинақтау болып табылады. Сондай-ақ, екінші фазада су көлемі көбейіп, сәйкесінше балық шаруашылығы да дамыйтын болады. Бүгінгі күні республика көлемінде су қоймаларының жағдайына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес, әр аймақтан нақты ұсыныстар берілу керек», - деді министр.
Көкарал бөгетінің арқасында бүгінде балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін артқан және су маржанының жергілікті түрлері оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, теңіздегі судың көлемі 15,6 млн. текше метрден 27,1 млн. текше метрге дейін ұлғайған.
Арал ауданындағы негізгі кәсіптің бірі балық шаруашылығы. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС және Арал балық өңдеу зауытында да болып, жұмысымен танысты. Қазір теңіздің белгіленген бір аумағына шығуға әр қайсысында екі балықшысы бар 20 қайыққа ғана рұқсат етілгін. Балықшылар министрге жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін қойылған лимитті ұлғайту туралы өтініш білдірді.Мағзұм Мырзағалиев балықшыларға бұл мәселені қарастыруға уәде берді.