Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шаруасы ширақ шаруа қожалығы



Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі «Абай» шаруа қожалығының Мұрат Нұрсайтов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол мектеп бітірген соң, Қызылорда политехникумында «Техник құрылысшы» мамандығын тәмәмдады.
Алғаш еңбек жолын құрылысшы болып бастады. Содан кейін, М.Тынышбаев атындағы мемлекеттік «Қазақ көлік және коммункациялар» академиясының вагондар саласы мамандығы бойынша білім алды. Сөйтіп, осы салада бірнеше жыл қызмет етті. Қарапайым отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз кәсіпкерлік саласынан да бағын сынап көргісі келді. Осылайша, мемлекеттен жалға жер алып, үйдегі сауынды сиыры мен қой-ешкілерін әкелді.
Бір ғана еңселі ғимараттың өзі бір жылда салынып біте қоймасы анық. Ал елді мекен тұрғызу үшін қанша уақыт қажеттігін есептей беріңіз. Сол сияқты о баста «Абай» шаруашылығы да бірден үлкен қожалыққа айнала қойған жоқ. Ол 1998 жылы 5-6 бас мүйізі ірі қара, 20 бас шамасындай қой мен ешкі бағудан басталды. Содан кейін 2002 жылы ресми түрде құрылды. Сонау жылдардан бері бүгінге дейін қаншама адам маңдай тер төгіп, күш-жігердің, шынайы еңбектің арқасында алып кәсіпорынға айналды. Қазір мұнда астық сақтайтын қойма, күріш ақтайтын, ағаш өңдейтін цех, мал соятын қасапхана, шырын дайындайтын, сүт өндіретін цех, мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі бордақылайтын қоралар орналасқан. Сонымен қатар, қожалықтың техникалары тұратын тұрақжай да бар.
– Бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп, қара жұмыстың дәмін татып өстік. Көзімізді ашқалы егін, мал шаруашылығымен айналыстық. Сондықтан бұл шаруа мен үшін таңсық емес. Баста Белкөлден үш жылға жалға жер алып, картоп, сәбіз, сыпырғы, шемішке ектік. Одан соң, мал бордақылауды бастадық. Жыл өткен сайын кәсібіміз өрге домалап, малға мал, жанға жан қосылды. Қазіргі кезде 200-ге жуық мүйізді ірі қара, 200-дей жылқы бар. Сонымен қатар, ұсақ мал қой-ешкіні де бордақылаймыз. Соңғы жылдары қаз бен үйрек, тауық пен үндік өсірудеміз. Негізгі басты мақсатымыз – Қызылорда қаласын қамтамасыз етпесек те, Белкөл кенті мен Шанхай мөлтек ауданын етпен қамту. Ықылым заманнан ата-бабамыз осы шаруашылықпен айналысып келеді. Сондықтан малдың жайын білмейтін қазақ кемде-кем. Қожалықтың таң сарғайып атқаннан қас қарайғанға дейін бітпейтін қарбалас та қауырт тірлігі жаныма рақат сыйлайды. Қазір өмірімнің көп уақыты осында өтеді. Малды асылдандырмай, ірі қараның тұқымдық қорын жақсартпай, одан жоғары өнім аламын деу бос әурешілік. Асылдандыру жұмысы – барлық табыстың бастауы. Онсыз малдың басы да, пайдасы да артпайды, – деді Мұрат Тоқманұлы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: