Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қолдан жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие


Сырдариялық қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің қолынан шыққан туындылары Америка, Қытай, Польша, Ресей, Түркия мен көршілес елдерге жеткен. Тұрмыстық заттар мен кәдесый жасайтын шебер соңғы уақытта этноөнер туындыларын жасауға ден қойыпты.
Алғашында ағаштан түрлі бұйымдар, кәдесыйлар, құрал-жабдықтар жасап, көрмелерге қатысты. Түрлі халықаралық, республикалық, об­лыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ол 1987 жылы Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің фестивалінде КСРО Су­ретшілер одағының дипломын иемденді. Шебердің қолынан шыққан бұйымдары Американың Аризона штатында, Канаданың Калгари, Ұлыбританияның Лондон қаласына да тапсырыспен жіберілді.
Сонымен қатар «Алтын сапа» конкурсында бас жүлде, облыстық «Қолөнер – сырлы өнер» атты ІІ республикалық конкурста бірінші орынды еншіледі. Ағаш ұстасының жеткен жетістігі аз емес. Қолөнер мәдениетінің жандануына елеулі үлес қосып жүрген шебер ою-өрнектің ерекше үйлесімділігіне мән береді. Жаңа, тың туынды жасауға әуес. Ата-бабамыз­дан келе жатқан құнды өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасу үшін шәкірт те тәрбиеледі. Ұмытылып бара жатқан тұрмыстық құралдарды қайта қолданысқа енгізу үшін күбі, астау жасауды қолға алды. Осы бағытта 10-нан аса жобасы дайын тұр. Шебер негізінен еңбегіне қарағаш, қайың мен жергілікті ағаштарды қолданады. «Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы болуы тиіс» дейтін Жәнібек аға қайталанбас туындыларын ерекше ықыласпен дайындайды.
– Соңғы кездері қолөнерге деген қызығушылық артқан. Жұрт қолдан жасалған дүниелерді қолдана бастады. Қолданыстан шығып қалған тұрмыстық құралдар қайта кәдеге жарады. Мәселен, астау, кесе, күбіге тапсырыс берушілер көбейді. Бұрын біз кәдесыйларды көрмелерге қойсақ, енді көпшілік мұны қайта тұтынуда. Бұл – қолөнер шеберлерінің жетістігі деуге болады, – дейді шебер.
Расында, қазақ өнерін, мәдениетін дәріптейтін шеберлер барда ұлттық мұрамыз жандана береді. Жәнібек Маханбет секілді шебердің туындылары арқылы келешек ұрпақ өз өткенін, тарихын ұмытпайды. Ағаш ұстасының өнерін дәріптеу мақсатында былтыр аудандық мәдениет үйі шығармашылық кешін ұйымдастырды. Енді облыстық деңгейде жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.

Сара АДАЙБАЕВА
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: