Қазалы ауданы Аранды ауылының тұрғыны Алтынбек Ақшаев “Еңбек” бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізді.
Ол тұрақты жұмысы болмағандықтан мал шаруашылығымен айналысады. Қорасында сиыр, қой мен ешкісі бар. Жақында мемлекет ұсынған жоба арқылы “Бизнес бастау” курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздерінен бір ай білім алды. Соның арқасында өз бизнес жоспарын қорғап, 6 проценттік 4 миллион теңге несие иеленді. Мемлекет ұсынған қаражатқа 10 бас жылқы әкелді. Бүгінде қыл құйрықтылар ауыл маңындағы әкесінің 100 гектар аумақты алып жатқан «Нұрдәулет»” қожалығында жайылып жүр. Мұнда мал жайлымдық және шабындық жер жеткілікті. Жанында «Өтеген» шүңгіл мен «Жыңғылды ой» көлі бар.
– Қор ұсынып жатқан шарттар еңбек етемін деген шаруа үшін өте ыңғайлы. Осындай ауылдық жердегі халықтың хал-ауқатын жақсарту үшін берілген мүмкіндікке алғысым шексіз. Үкіметке, қор филиалына ризашылығымды білдіремін. Мемлекет көмегінің арқасында енді тұрақты табыс табамыз деген ойдамын. Отбасымды асырап, ауылды көркейтуге өз үлесімді қосамын, – дейді Алтынбек.