Бүгінде мемлекет тарапынан азаматтарға жан-жақты көмек беріліп, тиімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қайтарымсыз грант. Осы күні оның игілігін аудан халқы көруде. Майдакөлдік Ғазиз Смайлов та тиісті құжаттарын дайындап, 505000 теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, қазір 17 бас қойды бордақылап отыр.
– Әуелгіде жағымды жаңалықты естігенімде аса сене қоймап едім. Бірақ бағымды сынап жұрт қатарлы бар керекті қағаздарды әзірлеп тапсырдым. Жұмыссыздыққа тіркеліп, “Бастау бизнес” курсынан өтуге өтініш қалдырдым. Кейін бір ай “Бизнес бастауда” өз ісіңді қалай алға жылжыту, оның шығыс-кірісін есептеу, жаңа идеяларды қолдану сынды түрлі мәліметтерге қанықтым. Мұнда өзіме қажетті деректерді алып, мал шаруашылығымен айналысуға бекіндім. Қорада қойлармен бірге сиыр мен ешкі бағамын, – дейді кәсіпкер.
Ғазиз Мәлікұлы көпбалалы отбасы қатарында. Үлкен шаңырақта 4 бала тәрбиеленіп отыр. Оның айтуынша, қазіргідей уақытта жұмыс жоқ деп қарап отырмай, кез келген мүмкіндікті құр жібермеу қажет. Ізденіп, сұрастырып мемлекет ұсынып жатқан түрлі жобаларды оңтайлы қолдануға болады. Ол үшін үйде жата бермей, алға ұмтылуға кеңес береді.
Бұл күндері нарықта ет өніміне деген сұраныс жоғары. Сондықтан тұрмыста қой өсірудің тиімділігі басқа малға қарағанда әлдеқайда пайдалы екенін көрсетіп отыр. Аталған түлік өсімтaлдығы және табиғаттың қолайсыз жағдайларына төзімділігімен, қуаң жерлердің жұтаң жайылымындa өзіне қажетті қорек таба алатындығымен ерекшеленеді. Сол себепті де Ғазиз жан жарымен кеңесіп, қой ұстап көбейтуді жөн көрді. Іскер жігіт кәсіпкерлікті дaмытатын “Бастау бизнес” жобасында білікті мамандардан бизнес психологиясы, кәсіпті жоспaрлау, маркетинг, салық режимдері, құқықтық сауаттылыққа қaтысты маңызды aқпараттардан теориялық және тәжірибелік нұсқаулықтарды меңгеріп шыққан.