Қызылорда қаласының қос тұрғыны Жаңа жылға қадам басар тұста Сырдария ауданы Аманкелді ауылының маңында балық аулауға шыққан еді. Сол күні төңіректі тұман тұмшалап, қарға адым жердің өзін көру қиынға түсіп жатты.
Балық аулауға шыққан жігіттер соның салдарынан кері қайтуға жолынан жаңылып қалды. Осыған байланысты оларды іздестіру шаралары басталды. Бұл жұмысқа құрамында 3 адам мен 1 техникасы бар «ОӨАЖҚЖ» ММ-нің құтқарушылары қатысты. Төтенше жағдай саласының мамандары Аманкелді ауылынан 20 шақырым қашықтықта 29 және 40 жастағы қызылордалық 2 азаматты тапты. Олар сол маңдағы Қараой көліне балық аулауға шығып кеткен көрінеді. Денсаулықтары жақсы, ешқайсысы зардап шекпеген.