Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қармақшыда жырау Бидас Үрістембекұлының  мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

Жосалы кенті орталығындағы «Жыраулар үйінде» «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» белгілі жырау, ұстаз Бидас Үрістембекұлының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. 
Кеште жыраулық өлкенің өрендері арнайы жыр-шумақтарымен қарсы алып, арнайы жыршы Әділхан Қуаңбаев өзінің арнауын тарту кетті.
Тағылымды шарада сөз тізгінін ең алдымен аудан әкімі М. Қалдарбековке беріліп, Бидас Үрістембекұлына ізгі лебізін білдірді. 
«Сан ғасырлардан бері ата-бабамыздан мұра болып қалған жыраулық өнердің алтын жібін жалғап, келешек ұрпаққа аманат етуде де қосқан үлесіңіз өлшеусіз. Сондықтанда сөз қадірін ұғынған Сіздей ардақты азаматты қашанда Қармақшы халқы мақтан тұтады. Бүгінгі мерейлі мерейтойыңызбен  шын жүректен құттықтаймын!,– дей келе халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлі жыраулық өнерін құрметтеп, жаңғыртуда, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруде Бидас Үрістембекұлының ерен еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар дәстүрімізге сай мәдениет майталманының иығына шапан жауып, арнайы құттықтау хатын табыстап, құрмет көрсетті. 
Ізгі лебіздер тізгінін одан әрі «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л. Төрешова алып, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтауын табыстады. Сонымен бірге Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Н. Наурызбаева аймақ басшысының «Құрмет грамотасын» және басқарма басшысының құттықтауын табыстап, ізгі лебіздерін жеткізді.  
Жыраумен жүздесу шарасында құттықтау легін ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» қоғам қайраткері  Нұртаев Ырзақұл Сәденұлы, Қазақстанға  танымал  жыршы, филиология  ғылымдарының кандидаты,   Қазақстан  Республикасының  Еңбек  сіңірген  қайраткері, Францияның  Өнер  және әбедиеті  орденінің  кавалері, Өзбекстанда  өткен «Бахшы»  өнер  фестивалінің  Бас  жүлде  иегері,  ұстаз Байбосынова Ұлжан  Мәлікайдарқызы жалғап, мәдениет майталманы Бидас Үрістембекұлына құрмет грамоталарын табыстап, сый-сияпат  көрсетті.  
Сонымен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов белгілі өнер иелеріне Бидас Үрістембекұлына және «Жыраулар үйі» директоры Амандық Бүрлібаевқа «Ер Едіге» дастаны жырының аудио нұсқасын сыйға тартты. 
Сөз кезегінде ұстаз Ұлжан  Мәлікайдарқызы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарының арнайы дайындаған «Қазақ әдебиетінің тарихының» 10 томдық шығармаларын табыстады.
Сонымен бірге кешті жүргізу тізгінін  Қазақстанға  танымал  жыршы, филиология  ғылымдарының кандидаты Байбосынова Ұлжан  Мәлікайдарқызы алып, белгілі жыршы – жырауларымыздың концерттік бағдарламасына ұласты. 
Сахна  төріне Арал өңіріндегі Нұртуған жыр мектебінің өкілі, ақын жырау Айбек Тәңірбергенов, республикаға танымал жыршы - жыраулар Серік Жақсығұлов, Бейсенбек Төлеубаев пен мерейтой иесінің төл  шәкірттері  республикаға  танымал  жыршы Айгерім  Ешбаева, «Дарын» мемлекеттік  жастар  сыйлығының  иегері Күнсұлу  Түрікпен,  Құрманғазы атындағы  ҚҰУ- нің  дарынды  шәкірті  Бақытова  Тоғжан, Малика  Алдамжарова жырдан шашу шашты.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: