Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қызылордада балалар әдебиеті насихатталады

Облыста «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында балалар әдебиеттерін насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев, Толымбек Әбдірайым, Зира Наурызбаева, Мәди Айымбетов секілді жазушылардың еңбектері бар.

– Жас ұрпақты парасатты, білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеуде кітап пен кітапхананың алатын орны ерекше. Қазір балаларды кітап оқуға тарту мақсатында көптеген шаралар жасалуда. Мәселен, қазір кітапханаларда балаларға арналған 14 үйірме мен 5 клуб жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Сыр шаңырағы» уoutube каналынан «Балалар әдебиеті» айдары ашылды. Мұнда балалар кітапханалары қорына алынған жаңа әдебиеттермен және өткізілген қызықты шаралармен танысуға болады. Бұл олардың ынтасын ашады деп ойлаймын, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева.
Бүгінде облыста 12 балалар кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсетеді. 4 қалалық, 7 аудандық және 1 ауылдық кітапхана. Ал мұндағы кітап қорында 389871 дана кітап бар. 2021 жылдың I тоқсанында балалар кітапханаларының қоры тағы 189 дана жаңа әдебиеттермен толықтырылды. 
Айта кетейік, соңғы жылдары облыс бойынша суицидтің алдын алуға арналған психологиялық кітаптар мектеп сөрелеріне қойылды.
– Біздің қор балалардың өзін-өзі түзетуге арналған кітаптар сериясын дайындады. Бір қобдишада 19 кітап болады. Негізі мұның барлығы америкалық қауымдастықтың кітаптары. Ал біздің қордың мамандары бұл дүниелерді аударып, психологтарымыз қазақы менталитетімізге қарай кітап ішіне қосымша балаларға арналған кеңестер қосады. Бұл кітаптардың барлығы балалардың психологиялық бұзылыстармен күресуіне ықпал жасайды. Былтыр облыстың барлық мекемелеріне тегін таратылды. Оның ішінде қаладағы 55 мектепке 2 данадан, аудандық мектептерге 1 данадан бердік, – деді «Bilim Foundation» қоғамдық қорының директоры Жұмакүл Баянова.
Айта кетейік, 2-6 сәуір аралығында Халықаралық Балалар кітабы күніне орай облыстағы балалар кітапханаларында «Кітаппен келген шабыт» сурет салу, «Менің сүйікті кейіпкерім» атты эссе жазу, «Әлемді кітап арқылы танимын» әдеби сайыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Менің кітапханадағы алғашқы күнім» ашық есік күні жарияланып, балалар кітапханамен және көрмедегі кітаптармен ZOOM платформасы арқылы танысатын болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: