Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Ақтастан шыққан ақын Манап

Сыр сүлейлерінің соңғы тұяғы, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов жайлы көз көрген, көңілге түйген ойларымды қағазға түсірсем деп жүруші едім. Осы ойыма өткен күздің соңында көпшілікпен бірге Манаптың кіндік қаны тамған туған ауылы Ақтасқа соғып, сонда кесенелері орналасқан Ақтас әулие мен Айқожа ишанға берілген асқа қатысып, бастарына зиярат жасап қайтуым тағы да түрткі болды. Жарықтық, көзі тірісінде Шымкент қаласында өткен Оңтүстік ақындары айтысынан соң, тұрғылықты мекенжайын сұраған әріптестеріне:

«...Совхоз – Талап, Ақын – Манап. Тұрағы – Ақтас, Алатын – Ақ бас...» – десеңдер,  жазған хаттарың мені жазбай тауып келеді деген Манаптың туған ауылы осы. Ақтас... Киелі Ақтас... Манапты тіршілігінде желеп, жебеген Ақтас. 
Манап аға 1945 жылы осында орналасқан қызылотау үйіне меңгеруші болып жұмысқа орналасады. Мандыған жалақысы да болған емес. Жұрттың айлығына қарасаң – айлық сияқты. Әжептәуір байлық сияқты. Ал біздікіне қарасаң Ауыз жарымас шайлық сияқты, – деп жүрген жерінде айтып жүріп-ақ, осы қызметтен қол үзбей, тіршілігінде басына қонған бар абырой-атаққа иелік етіп, бар өмірін осы қызылотау үйінің меңгерушісі деген жұмыспен өткізді. Осы жерден еңбек демалысына шықты... 
...Мен Мәкеңмен ерте-ақ араластым. Бір мүшелге жуық жас алшақтығымыз болса да, 1969 жылы Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетіне еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі болып қызметке тұрғаннан бастап, ауданда өткен мәдени шаралардың басы-қасынан алдымен осы Мәкеңнің төбесін көретінмін. Өйткені, мереке­лік шаралардың бәрі Мәкеңсіз өтпейтін. Үлкен мәдени шаралардың бәрі Мәкеңнің арнау өлеңімен басталатын. Тіпті, сол уақытта республикалық байқауда халық театры атағын жеңіп алған аудан өнерпаздарының қойылымдары да Мә­кеңнің арнауымен ашылатын... Мәкеңді өз кезінің сал-серісі болды десек те артық болмас. Аудандағы өнерпаз ұл да, қыз да осы Мәкеңнің қабатынан табылатын. Олар тобымен жүргенде неше бір сауықтың түрін күте бер. Өзім де өнерге жолдаманы осы Мәкеңнің тәрбиесінен алдым. Белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қатысуымен өткен аудандық шопандар тойында Мәкең мені алғаш рет айтыс ақыны ретінде бірліктік Ақмырза Құлтасовпен сахнаға шығарғаны бар. Сол айтысымыз аудандық газеттің екі-үш санына қатар басылды. Сол кезде арқалы ақындай арқамыз көтеріліп-ақ қалған. Өнер жолын қуар жанға осыдан артық қандай тәрбие керек. Аудандық газетте жүріп, Мәкеңмен қаншама рет сапарлас та болдым. Сондай сапарлардың бірінен соң «Құтты қонақ» («Коммунизм жо­лы», 1 март, 1969 ж.) деген тақырыппен көлемді очерк жазғаным да есімде. Онда сол кездегі саясат бойынша Мәкеңді шопандар асыға күтер құтты қонақ, суырыпсалма ақын, облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңім­пазы, алдаспан-сыншы, наси­хат­шы ретінде көрсетумен бірге, қыс­тың көзі қырауда озат шопан Әлай­дар Есенбековтің үйіне барып, түн ұзақ көрсеткен өнері әңгі­меге желі болған-ды. Сол сапар­да Мәкеңнің өткір де уытты тілі­мен және батылдығымен ел есін­де қалған халық ақыны Құлан Алда­бер­геновтің 1600 жол өлеңдері мен күйші Әлшекей Бектібаевтың 14 күйін магнитофон лентасына түсіріп алғандығынан хабардар болдым. Бұл үлкен қазына ғой. Құланның осы маңда өткен Жантөре болыстың қыңыр сөйлейтін әкесі Аралбайға өзі туралы айтқан: Қоңыраттың ішінде, Қырғызәлі Құланмын. Төрт атаның біреуі Менің атам – Сыбанмын. Жақсының жаным жайлауы Жаманға сендей ылаңмын. Сазға біткен шынармын, Қияға қонған қыранмын, Несін сұрай бересің Қыдырып жүрген шығармын. Баласы болыс есте ме Қатулансам ұрармын. Үйіңе қойып мүрдеңді Дұғамды оқып шығармын, – деп алқымынан қысып-қысып қал­ғанда, мұрнынан шүмектетіп қан саулатқанын да алғаш осы Мәкеңнің аузынан естідім. Мәкең өзі қонақ болған сол кешті: Жанашырым, жарқыным, жаным дедім, Қажет болсам сендердің жаныңда едім. Бірің кеңес бермесең, бірің көмек, Айтыңдар, не болмақшы халім менің. Суға кетіп қалмай ма салым менің.   Суға кетіп қалмайды салым менің Дарындысын дөп таныр дарынды елім. Сырласқанда осылай өздеріңмен, Бір жадырап қалады жаным менің – деген өз өлеңімен аяқтаған-ды. Мені ел аузындағы Мәкеңнің Қы­зыр ата атануы жайлы аңыз ерекше қызықтыратын. Мен ғана емес, бас қосылған жерде осы оқиғаны әр­кім-ақ өз аузынан естігенді ма­құл көре­тін. Өйткені, бұл әңгіме Мәкең­нің өз аузымен құлаққа соншалықты құл­пы­рып, жанданып, жағымды естілетін. «...Соғыстан кейінгі жылдары, жеңіл шәйі ақ китель костюм-шалбар кию сән болды. Өзім болмысымнан аппақпын, шаш та ақ, бас та ақ, үс­тімде аппақ ақ китель костюм-шал­бар, астымда ақ боз жорға, қоңыр самалдатып Қаратаудан асып, Созақ ауданының тау етегінде тұратын туысыма желе-жортып бара жатқанымда, алдымнан жасы жер ортадан ауып қалған бір аға­мыз атымның шылбырына орала кет­кені. «Ассалаумағалейкум» деп сә­лем берсем, сөз тыңдайтын түрі жоқ, «О, айналайын Қызыр ата, із­деп жүргенім де өзің едің ғой. Жа­рат­қаным-ау, көлдей болған көз жа­сымды көріп, Қызыр атаға ұшы­рас­тырғаныңа шүкіршілік еттім. Енді мен бұл кісінің ықылас бата­сын алмай жібермеймін», деп бас бар­мағымды жанымды шығара бұ­рап, ағыл тегіл боздап қоя бергені. Ние­тін түсіне қойдым. Айқай салдым: Ей, жай алақаныңды! Саған керегі бала ғой, Бердім екеу ала ғой. Алдың ықылас батамды Енді үйіңе бара ғой. Әумин! – деп бармағымды әзер босатып алып, артыма қарамаған күйі Қаратау асып кеттім. Күндер өтіп, бір жылдан кейін туысымның ауылына қайта оралсам, бауырым: – Айналайын, Манапжан, сенің келіп қалғаның қандай жақсы болды. Құтты қонақ болып, үлкен қуа­ныш­тың үстіне түстің. Абыройлы бір шопан ағамыз ұзақ уақыт перзентсіз жүріп еді, жақында қошқардай қос ұлды болып, бүгін шілдехана тойын өткізіп жатырмыз. Соның бас­шы­лығына мені тағайындап еді, басы-қа­сында болуым керек, – дей бергенде, сөзін аяқтатпай той иесі өзі де асығыс есіктен аттап, төрде отырған мені көрді де, есік алдында көзі бақы­райған күйі қатты да қалды. Бір­ден таныдым, баяғы өзім бата бер­ген шопаным. Туысым «Өй, аға-ау, бұл өзіміздің Манап ақын ғой» десе, әлден соң есін жиған шопан: «Се­нің Манабың болса Манабың шы­ғар, ал бұл азамат маған жылап-еңі­реп сұрағанымда тілеген баламды берген батагөй Қызырымның нақ өзі», – деп еңкілдеп құшақтай кет­кені...». Мәкең хансың ба, қарашасың ба, қас-қабағыңа қарамайтын, ойы­на келгенін іркіп, бүгежектеп, күл­тек­теп жатуға жаны қас болатын. Ес­кі оқиғалар есіме түсіп отырғаны. Мә­кең­нің тіршілігінде өнердегі жанынан тастамай ерткен екі інісі болса – біреуі, біреу болса, ол да тап соның өзі – әнші сазгер Бек­сұл­тан Бай­кенжеев еді. Бұл әңгімені Бек­сұлтан туралы жазған эссемде де кезінде келтірген едім, қазір де қай­талауға тура келіп тұр. Періште бейне, пәк көңіл, ме­нің құрдасым, марқұм Мәдина Ера­лие­ваны Мәдина етіп алғаш елге та­ныстырған «Ақбаян» әнінің ав­торы Бексұлтанның да, рухани ұстазы, көңілі тіл табысқан үлкен досы осы Манап ақын болды. Екеуі қатарласып, ел аралап сахнаға шыққанда, сол кон­цертті көрген де арманда, көрмеген де арманда болатын. Қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаевтың өзі «Бір өзі – бір театр» атаса, осы бағаны одан әрі өсірген қазақ сахнасының саңлағы Сәбира Майқанова апамыз «Бір өзі бірнеше сахна» атаған Манап Бексұлтанды барынша еркелетіп, қызғыштай қорып, өнерін ұштауына қолынан келген көмегін аямайтын. Бірі тек ағаға тән үлкен мейірімділік танытса, бірі ініге тән нәзік сыпайы құр­метін жоғалтқан емес. Бек­сұл­тан­ның, – Оуу-у!... Ел мақтаған Ардақтаған, Ардақты адам – Манап ағам, Құрметтесе ел дәйім, Бақыт демей, не дейін Ақын аға әрқашан Арта берсін мерейің, – деп аға­сын әнге де қосып, шырқап жүрге­нін естіген біз, онысын ағасына де­ген ыстық ықыласы деп қабыл­дай­тын­быз. Ал мұндай сұлу жарасымдылық кімге де болса үлгі-өнеге болып көрінетін.
Бірде Жаңақорғанға ақын Бәкір Тәжібаев бастаған құрамында Сабырхан Асановтай ақын­дары бар бір топ жазушылар кел­ді. Оларды күту М.Көкенов баста­ған мәдениет бөлімінің қызмет­керлеріне тапсырылды. Аудандық мәдениет үйінің директоры Қуат Алдабековтің үйіне ағыл-тегіл дастарқан жасалды. Келген меймандарға құр­мет жасап өнер көрсету ауылда қалып­тас­қан дәстүр. Сол отырысқа Мә­кең Бексұлтанды арнайы алдыртып, ән салдырды. Жұрт ықыласы мей­ман­дардан гөрі сырбаз сазды Бексұл­танға ауып бара жатты. Бұған Бәкір ағамыз тарылыңқырап отырды. Осы көңілді сезген Мәкең өзінің Бәкірмен жас шамаластығын алға тартып, – Бәкіржан, жасқа қарасаң құр­дасс­ың, басқа қарасаң інісің. Солай бола тұра сен күнде елге келе бер­мей­тін қадірлі қонақсың, келген күнде де ел іші кең, басқа жерге жет­кен­мен, бізге жетпей жатасың. Содан да осы сапарыңның реті біз­дің ауданға тигеніне бәріміз шын жү­рек­тен қуанып, шашбауыңды көтеріп отырғанымыз мынау. Көпті көр­ген сыншы болады деген. Сенің ақын­ды­ғыңды соңғы уақытта сазгерлігің басып бара жатқан сияқты. Мына менің Бексұлтаным өзіңді көргелі өне­рін аяп қалып отырған жоқ. Бата­дай бағаңды беріп, бағдарлама айта отыр? – деді.
Бәріміз Бәкірдің аузына қарап үн-түнсіз қалдық, жұрт назары қайта өзіне ауғанын сезген Бәкір ағамыз маңғаздана, – Өнерді бір жандай білер біздерге таразылатқандарыңыз дұрыс қой, Мәке. Мен не айтайын, Бексұлтан жақ­сы әнші екен, бірақ әндері батыс­тың кейбір әуендеріне ұқсап кете­тін сияқты, – деді сырғақтатып. Үлкен деп аузына қарап отырған ағамыз үлкендік танытпай, мына айтқан тұжырымына бәріміз де ыңғай­сыз­данып қалдық. Жүрегі жаудан қайт­пас Мәкең сөз тізгінін босатпас әйгілі халық ақыны емес пе, аз үнсіздікті серпіп тас­тап: «Ана домбыраны бері әперші» деді үй иесі Қуатқа. Домбыраның құлағын біздің құлағымызға таныс өз ырғағына келтіріп алды да: – Бәкіржан, дұрыс қой, біздің Бек­сұлтанжанның әні батыстың ән­дерімен әуендес болса, онда өріс­ті ұзақтан қайырған екен. Енді мына әнге құлақ түріңізші, – деді де шырқай жөнелді: Жер шарын мекендеген бүкіл халық,  Біздің ел дәстүрінен қуат алып.  Советтер Одағы боп сүйенері  Бұл күнде достығымен
отыр танып

– деп баяғыда мектеп партасында отыр­ғанда хормен айтушы едік, кейін­гі кезде осы әнді жаңғыртып, Бұлбұл құс туған жерден
гүл іздейді,

Күдерін құштарлықпен
бір үзбейді

Келесің гүл боп еркем көз алдыма, Өзіңді мен іздемей, кім іздейді? – деген жаңа ән айтыла бастады деп, Бәкірдің жиендік жасағанын бір іліп өткенде, Бәкір бұлқан-талқан болып атып тұрып, кетемінге басып еді, қасындағы Сабырхан Асанов ағамыз әзер тоқтатты. Бексұлтан десе ішкен асын жерге қоятын Мәкең Бәкірдің әлгі әбестігіне ренішін баса алмай: – Әй, Бәкір, біз екеуміз құр­дас­пыз, соған орай үлкен болған соң, салмақты болар десем, сабыр­дан жұрдай болып шықтың ғой. Жақ­сы адамдар сынды сабырмен қабылдайды. Байқап жүрген шығар­сың, біз ақындармен айтысқа түс­кенде, небір дөрекі сөздер естиміз. Мұндай шағын топ алдында болса да жөн ғой, үлкен залда, қаншама халықтың алдында естиміз. Деген­мен, соған шыдап, уәжден жеңуге тырысамыз. Құрдасыңның кішкене сынына шыдамай жас бала құсап соншама өкпелегенің ұят-ақ болды-ау, – деді. Екінші бір оқиға, Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов құрметті зейнеткерлікке шыққан соң, облыс орталығына Аңшылар қоға­мына басшы болып ауысатын болып, көшер алдында дос жарандары мен қызметтес серіктестеріне дәм берді. Әркім өз тілегін айтып, сөз кезегі Мә­кеңе келгенде: – Аха, әркімнің көңіліне құдай бе­реді. Көңіліңіз көл дария сияқты ақ­көңіл, ақжарқын адам едіңіз. Сонан шығар, жаңа қызметіңіз де саусаққа ыңғайлы оңқай асық сияқты жаман емес екен. Бұрын хатшы кезіңізде жатып жейтін едіңіз, енді атып жейтін болыпсыз, әйтеуір, сатып жемейтін көрінесіз, – дегенде, Ақаң: – Ай, Манапжан-ай, тіліңнің шоғай­насы бар-ау. Бұлай айтпасаң сен Ма­нап болар ма едің. Тауып айтыл­ған сөзге дауа болмайды. Ағаң­ды қатырдың, – деп арқасынан қақ­қыш­таған екен. Дәл осындай ақын уәжінің бірі, облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Еркін Әуел­беков ақынмен сәлемдесіп тұрып: – Оу, Мәке, қып-қызыл боп ке­тіпсің ғой, – десе, Мәкең саспастан; – Е, Ереке, алтынның да сырты қызыл болмай ма – деген ғой.
Әрине, бұл естелікте Мәкеңнің ақындық творчествосы талданып отырған жоқ, ол жеке әңгіме болуы тиіс. Тек өз көзіммен көрген, көңілімде қалған көріністер ғана сөз болды. Мәкеңнің мен сияқты қасында өскен әр өнер адамына жасаған қамқорлығы туралы жазсақ бір-екі естелік кітапты оп-оңай дөңгелетіп дайындап жазып шығуға болады. Мен ондай естелікті жазуды сол азаматтардың өз еншілеріне қалдырғанды мақұл көріп отырмын. Ал өз естелігімнің соңында айтарым, Мәкеңе өмірден өткен соң, оның қатарымызға қайта оралуына нақтылы жанашыр болар жанның әлі күнге табылмай келе жатқаны. Өзінің көзі тірісінде тұңғыш ұлы Әбдікерім бауырымыз, әрі жолын қуатын айтыс ақыны, әрі келешек Манаптану жүйесінің жетекшісі боларлықтай қимылымен, жарқ етіп жарасымды-ақ шығып еді. Бірақ, елді елеңдеткен сол үміт оты соңғы кезде сөніп бара жатқан сияқты. Қазір ініміз Түркістанда тіршілік жасап жатқанын естиміз. Есіл талант елден ұзауға жалтақтық танытты. Әйтпесе, Мәкеңнің өзі бар кезде-ақ Алматы мен Астана қаласының біріне ауысып, өз әкесі атындағы халықаралық қор ұйымдастырып, қор жанынан айтыскер ақындар мектебін ашып, жыл сайын айтыстар өткізуге мұрындық болғанда, бүгінде Манап туралы ел аузында айтылатын әңгіме басқаша өрбіп жатар еді... Қазір Жаңақорғандағы аудан­дық мәдениет бөлімі жанында жа­на­шыры жоқ Манап мектебі мен му­зейі жұмыс жасайды. Аталған меке­мелердің қазіргі дәрменсіз тірлігіне қарның ашады. Ұят-ақ. Бұл мектеп, біз­діңше, аудандық, об­лыс­тық қана емес, республикалық дәре­жесінде Ал­ма­тыда не Астанада жұмыс жасауы тиіс қой. Мәкеңнің нашарлау жа­салған бір ескерткіші бұрын Мәде­ниет үйінің алдында тұ­рушы еді, ол жер кезінде Мәкеңе шә­кірт бол­ған, мәдениет бөлімінің ав­то­клуб меңгерушісі, марқұм Әмір Мә­жи­товке бұйырыпты. Манаптың ес­керт­кіші музейдің ішіне көшіріліпті. Ұят-ақ емес пе?.. Мәкең кім, Әмір кім?.. Таяуда Жүрсін Ерман бастаған 12 айтыс ақыны осы ауданға барып, белгілі мемлекет қайраткері Садық­бек Сапарбековтің 110 жыл­дық тойына қатысып, айтыс өткі­зіп қайтты. Куәгер болдық. Сол ақын­дар­дың бірде-бірінің көзіне осы мә­селе қалай түспегені мені қайран қалдырды. Айтыс ақындарының тағдырын әріптестері, ізбасарлары жоқтамағанда, кім жоқтауы керек? Олай болмады. Мен мұны сол айтыс алдында Жүрсінге де ескерттім. Басқаға болмаса да Манап ақынға жоқшы болу айтыс ақындарына парыз еді ғой... Кезінде көрнекті ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың өзі ақтарыла отырып әділ бағасын бергенін жоғарыда айтсақ, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «...Бізде кітап санымен көрінетін ақындар аз емес. Кітабы жоқ, бірақ өмірге, көпке жақын ақындарды қайтеміз? Бұлар гонорар психологиясына енбеген, көппен күнбе-күн тілдес қой. Оларға симпатия өте зор. Аз айт – саз айт, әрбір сөзің халық аузында аңыз болсын. Сондай халық тереңінен шыққан ақындардың бірі – бармақтай алтын шал Манап» («Коммунизм жолы» газеті, 31.07.1973 ж.) атаған ел мақтанышына жасалып отырған бүгінгі құрмет айтуға тұрарлық болып отырған жоқ. Манаптың қазіргі атақ-даңқы Жаңақорған ауданы көлемінен асып ірге жая алмай отыр. Мен Ақтаста өткен Айқожа ишанның асынан соң, сол жерде салынып жатқан мәдени кешенге ұзақ қарап тұрдым. Кешен арасынан осы бір қасиетті жерде туып-өскен Мәкеңнің, кезінде өзім көргендей қызылотау үйінің меңгерушісі ретін­де домбырасын алдына өңгеріп, са­парға шығып бара жатқан жанды бейнесі көз алдыма келді. Дәл осылай Ақтасқа ақ мәрмәр тастан Мәкеңнің ел назары түсер ескерткіші орнатылса қандай орынды да жарасымды болар еді. Несі бар, Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қай­рат­кері, КСРО Мәдениетінің үздігі, одақ­тас және республикалық ақындар айтыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерінің иегері, облыстық кеңестің депутаты болған асыл азаматтың ақындығы да, тір­ші­лігіндегі алған абыройы да осыған сұ­ранып тұрған жоқ па. 
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: