Қызылордада «Жасай бер, Қазақ елі!» республикалық конкурсы өтті
Сыр елінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» республикалық конкурсы өтті.
Екі күнге жалғасқан конкурсқа 18 бен 33 жас аралығындағы эстрадалық бағытта ән шырқайтын жас таланттар қатысты. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов ауқымы кең шараның өту барысын БАҚ өкілдеріне баяндады.
«Елена Мәжитқызы – ұлттық өнерде өзіндік орны бар, еліміздің музыкасы мен өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген шығармашылық иесі. Сондықтан да, Елена Мәжитқызының өнері мен шығармашылығы қазақ даласы мен алыс-жақын шетелдерде жоғары бағалануы тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз. «Жасай бер, Қазақ елі!» атты республикалық әншілер конкурсының басты мақсаты – қазақтың ән өнерінің ұлылығы мен автордың шығармашылығын дәріптеу, жас таланттарды республикалық деңгейде насихаттау болатын. Республикалық конкурста еліміздің 6 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан жас өнерпаздар қатысты. Елена Мәжитқызы бастаған қазылар алқасының құрамында республикамызға белгілі тұлғалар әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы мен әнші-композитор Дәурен Сейтжанов төреғалық етті», - деді басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы.
Алқалы жиында ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіқалықова туған жерге деген сағынышын білдіріп, конкурстың жоғары дәрежеде өткеніне ризашылығын жеткізді.
«Жас таланттардың қатысумен өткен конкурс өте жоғары деңгейде өтті. Өзім күтпеген жағдайлар болды. Қатты куандым бір жағынан толқыдым десем де болады. Өзім туып өскен жерімде ең алғаш сахнаға шыққан ескірмейтін естеліктерім еске түсті. Осы орайда облыс әкімі Гүлшара Наушақызына және облыстық мәслихат пен мәдениет басқармасына жалпы халыққа үлкен алғысымды білдіремін. Бұрын сонды дәл бұндай конкурс өтпеген еді. Жыл өткен сайын әркімде туған жеріне алаңдайды. Туған жері адамды тартады. Туған жеріннен бір адамды көрсен көзіне оттай басылады. Сондықтан туып өскен жеріне тартылыс күшеймесе азаймайды деп ойлаймын», - деді Елена Мәжитқызы.
Айта кетейік, республикалық байқаудың қортындысы бойынша бас жүлдені Нұр - Сұлтан қаласынан Хайрулла Мұратбек жеңіп алса, жүлделі І орынды атыраулық әнші Айбар Ғаниұлы, ІІ орынды Ақтөбе қаласынан қатысқан Нұртас Омаров, ІІІ орынды Арайлым Махамбетжанова мен Аида Байгелова және «SAZ – MEN» триосы иеленді.