Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Ұрпаққа ұлағат сыйлайтын алтын ұя

Ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту. Әйелдер еңбегін дәріптеу және оны өнегелеу. Қазіргі қазақ әйелдерінің рухани келбетін қалыптастыру. Қыз – келіншектерді, аналарды өмірге, тұрмысқа икемдеу, бейімдеу.


Қазақстан тарихында өзіндік ізін қалдырған аналар мен бүгінгі табысты, жетістікті нәзік жандардың өмір және еңбек жолдарын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың еңбекке құштарлығын арттыру, іскерлікке, төзімділікке бейімдеу.
Мемлекет басшысының «Әділетті қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы халыққа Жолдауындағы басты талаптың бірі - креативті индустрияның орталықта жандануын ұйымдастыру. Әйелдердің өз кәсіптері арқылы өнімдерін коммерциялауға қолдау көрсету.
Орталық жұмысындағы тағы бір басты басымдық - ұлттық кодты сақтай отырып, салт дәстүр мен мәдениетті бойына сіңірген және бүгінгі заман талабына сай шынайы қазақ аруының дұрыс қалыптасуына ықпал ету.
Келесі маңызды басымдық – отбасы құндылығын арттыру, бүгінгі бойжеткен, ертеңгі келін, ананы өзге үйдің отын жағудың, отбасын құрудың қыр – сырымен таныстыру, жаңа өмірге бейімдеу, қалыңдықтың келіндік келбетін қалыптастыру.
«Анаға тағзым» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі - аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында жаңадан бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени – әлеуметтік нысан.
Орталық құрылысының басталған уақыты - ақпан айы, 2023 жыл. Ғимараттың көлемі – 1379,3 м2. Қаржыландыру көзі – демеушілік. Жалпы сметалық құны - 1,7 млрд теңге.
Жобаны «Парасат» орденінің иегері, кәсіпкер-меценат Марат Дүйсенбаев қаржыландырды. Мердігер мекеме – «Шыңғыс» ЖШС.
Мәдени орталық 2023 жылдың 29 қыркүйегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен ресми түрде ашылды. Ал, 2023 жылдың 10 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев бастаған Үкіметтік делегация орталық жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
«Анаға тағзым» орталығының басшысы –Молжанова Алтынай Бекмағанбетқызы. Бүгінде мәдени нысанда 30-ға жуық қызметкер жұмыспен қамтылған.
Орталық жұмысы Ұлы Даланың Ұлы аналарының киелі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бүгінгі қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыруға және креативті индустрияны дамытуға бағытталады.
Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын «Анаға тағзым» экспозициялық кешенінде «Қазақ елінің Ұлы аналары» атты бірегей картина және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. Сонымен қатар 4 клуб: («Мирас» әжелер клубы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Ана тілі» дебат клубы, «Жас отау» жас отбасылар клубы, Психолог-медиатор кабинеті),2 студия: («Береке» аспаздық студиясы, «Шамшырақ» фото-видео студиясы) жұмыс жасайды. «Ұлт жақұты» музейлік залы, 50 орындық конференц зал, 100 адамға лайықталған мәдени-концерттік зал және коворкинг орталығы бар.
  Қала кәсіпкерлері мен жеті аудан қолөнер шеберлерінің басын қосып, көпшілікке өнімдерін жарнамалауға, ерекше туынды авторларына құрмет көрсетуге бағытталған шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Л.Төрешова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қ.Каримова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарова және ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева арнайы қатысты.
Салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов сөз сөйлеп, қастерлі кәсіптің сан түрін уақыт талабымен ұштастыра білген қолөнер жанашырларына ризашылығын білдірді.
Креатив көрмеге белсенді қатысып, шығармашылық бастамаларымен ерекшеленген шеберлерге облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Шара барысында ежелгі сауда, өнер және шабыт керуені сахналық қойылым арқылы көпшілік назарына ұсынылып, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. «Шабыт» аукционында көрерменмен кері байланыс жасалып, «Анаға тағзым» орталығының төл бренді «Өмір иірімдері» тұмары ерекше саудаға түсті. Тұмарды ең әсерлі әрі шынайы сипаттаған қатысушы аукционда жеңімпаз атанып, «Өмір иірімдері» сыйға тартылды. Адамзат өркениетін біріктірген тарихи алтын көпір Ұлы Жібек жолының бойындағы заманауи көш алдағы уақытта Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында жалғасады.
Өскелең ұрпақтың жүрегіне рухани нәр сеуіп, ұлттық тәрбиені академиялық үлгіде қалыптастыруды көздеген «Құйма құлақ» ұлттық құндылықтар әліппесі жаңа оқу жылында өз жұмысын қайта жалғастыруда. Кезекті сабақ Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушыларымен өтті.
«Ақыл қалта» және «Құндылық қоржыны» атты екі топқа бөлініп, білім деңгейі мен тапқырлықтарын танытқан шәкірттер «Амандасу әдебі» және «Қолға су құю» дәстүрінің аңызын тыңдап, іс жүзінде қайталап көрді. Сондай-ақ, дәріс аясында «Мұңлық пен Зарлық» ертегісі мазмұнымен танысып, арнайы тапсырмаларды орындады, өз ойларын дәйек сөздермен түйіндеуді үйренді.
Жалпы, өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді діттеген жоба жыл бедерінде өткізіледі. Басты мақсат – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізе отырып, олардың сөздік қорын байытуға, пайым-парасатын шыңдап, ұлттық рух пен асыл мұраларымызды насихаттауға үлес қосу.
«Бақыт мекені» – отбасы институтын нығайту, жастарға өмірлік маңызды шешімдерге бағыт-бағдар беріп, жұптық өмірді жоспарлауға қолдау көрсетуді діттеген маңызды жоба.
Бастама аясында облыстық жастар денсаулығы, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Отбасы» банкі және «Мансап» жұмыспен қамту орталығының мамандары қоғамдағы актуалды тақырыптар төңірегінде кәсіби кеңесін айтады. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселелері мен мемлекеттік бағдарламалар, еңбек нарығы және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жастарға арналған жобалар мен қолдаулар бойынша сұрақтарға жауап беріп, оңтайлы шешім қабылдауларына көмектеседі.
Жалпы, бүгінге дейін 100-ге жуық адам өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жоба аясында мамандардың кәсіби кеңесін тыңдады.
Дәстүрлі қолөнер мен заманауи креативті индустрияны ұштастыра отырып, ұлттық ою-өрнектің мәнін, тарихын, қолдану аясын кеңінен насихаттау мақсатында Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «ОЮLIKE» кәсіби-шеберлік алаңы өтті. Шараның алғашқы бөлімінде клуб-студияларда «Түкті кілемше тоқу», «Құрақ құрау технологиясы», «Этностильдегі киізден жасалған бұйымдарды жасауда creative өнерді дамыту» және «Заманауи шоппер тігу» тақырыптары бойынша тегін шеберлік сағаттары болды.
Кәсіби-шеберлік алаңының негізгі бөлімінде этнограф ғалымдар мен дизайнерлер, креативті кәсіпкерлер, тарихшылар бас қосып, қазақ ою-өрнегінің тарихи негіздері және сән индустриясы мен қолөнерде дәстүрлі өрнектердің заманауи қолданысы турасында ой-пікірлерін ортаға салды. Шара аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ.Жанұзақов көтерілен мәселенің өзектілігін ерекше атап өтіп, қатысушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, спикерлер мен тегін шеберлік сағатын өткізген қолөнер шеберлеріне облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің атынан алғыс хаттар табыстады. 
Басқосуға қазақ орнаментологиясының негізін қалаушылардың бірі, этнограф, график-суретші, философ, мәдениеттанушы Ералы Оспанов және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гаухар Тасбергенова арнайы қатысты. Е.Оспанов салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ұмыт бола бастаған тұстары мен ою-өрнектердің тарихы турасында тың деректерімен бөлісті, жеке зерттеулері нәтижесіне тоқталды. Қорқыт ата атындағы ҚУ профессорлары мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, креативті кәсіпкерлер спикер болып, ою-өрнектердің қазіргі қолданысы, коммерциялық бағытта бұрмалануы, символикалық мәнінің сақталуы турасындағы ойларын ортаға салды.
Дәстүрлі өрнектерді жаңғырту бағытындағы шараға аймақ аудандары мен бірқатар өңірден креативті индустрия бойынша өкілдер ZOOM платформасы арқылы қатысып, тәжірибе алмасты. 
Жалпы, «Анаға тағзым» орталығы ашылғалы бері креативті кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Түрлі бағыттағы семинар-тренингтер, олардың табысын еселеп, танымалдылығын арттыруға бағытталған жобалар мен сауда-көрмелерін ерекше атап өтуге болады.  «ОЮLIKE» кәсіби-шеберлік алаңында да орталық ғалымдар мен кәсіпкерлер арасында алтын көпір орната отырып, қоғам назарын өзекті тақырыпқа бұру көзделді.
Білімді, коммуникативті, ізденімпаз әрі тапқыр отбасыларды даралайтын топтық квест ойынға облыс бойынша 10 жанұядан құралған 40 адам қатысты. Командалар әр локацияда аймақ және ел тарихы, мәдениет және спорт, білім салаларына қатысты жасырылған 45 сұраққа QR код арқылы жауап берді. Сайыс барысында қатысушылар өзара бақ сынаумен қатар, қаланың көрікті орындарында болып, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігі, жұмыс бағытымен танысты.
Зияткерлік ойын «Отбасы» орталығында қорытындыланып, жеңімпаздарға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының алғыс хаттары және бағалы сыйлықтары табысталды. Атап айтқанда, жүлделі 3 орын Сайлауовтар отбасына бұйырса, Базарбаевтар отбасы 2 орынды қанжығалады. Қармақшылық Қозыбақовтар жанұясы 1 орынды жеңіп алса, бас жүлдеге Қашқынбаевтар отбасы лайық деп танылды. Айта кетейік, барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Анаға тағзым» орталығы бәсекелестік бәйгесіне сай ұшқыр ойлы, зияткер ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы танымды жобаларға алдағы уақытта да ұйытқы бола бермек.





Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: