ҚАЗАЛЫДА ҒАНИ СЫЙЛЫҒЫ ҮШІН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТЕДІ
Орта Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген Ғани Мұратбаевтың туғанына 114 жыл толуына орай 2016 жылы Қазалы ауданында республикалық деңгейде байқау өткізілмек.
Бұл туралы аудан әкімі Нажмадин Шамұратов аудандық жастар форумында айтты. Байқау үшін бюджеттен 5 млн. астам қаржы қаралды. Жыл басында белсенді жастар арасында іріктеу жарияланбақ.
Маусым айында Ғ.Мұратбаевтың туған күніне орай байқау қорытындысымен кемінде 30 жеңімпаз жас Ғани атындағы сыйлықпен марапатталады.
Жалпы Қазалы ауданында тұрғындардың 27,2 пайызы, 20 716-ы жастар. Өткен жылы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайызды құраса, биылғы жылы 5,6% пайызды құрап, 0,8 пайызға төмендеген.
«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында биылғы жылы жұмысқа орналасқан 76 маман көтерме жәрдемақымен, 57 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жастар саясатына бөлінетін қаржы көлемі артып, биыл 10 млн теңгеге жетті.